Бас имам жазаланды: Діни басқарма Бишімбаев пен Нүкенованың некесіне қатысты мәлімдеме жасады

0
257

Бишімбаев пен оның марқұм әйелі Нүкенова заңды түрде некелеспеген.


Бас имам жазаланды: Діни басқарма Бишімбаев пен Нүкенованың некесіне қатысты мәлімдеме жасады

2022 жылы 17 қазанда экс-министр Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың некесін қиған республикалық бас мешіттің имамы Қанат Қыдырминге қатысты тәртіптік шара қолданылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ Мүфтияттың instagram парақшасына сілтеме жасап.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (бұдан әрі – ҚМДБ) Жарғысына сәйкес ҚМДБ-ның ресми діни қызметкерлері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында жұмыс істейді.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 2-бабының 3-тармағында тек мемлекеттік органдар қиған неке (ерлі-зайыптылық) ғана мойындалатыны белгіленген.

Осыған орай ҚМДБ-ның ішкі жұмыс тәртібінің тиісті талабына сәйкес мешіт қызметкерлері неке қию рәсімі алдында болашақ ерлі-зайыптылардан Азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) бөліміне тіркелгенін растайтын куәлікті талап етеді.

2022 жылдың 17 қазанында Астана қаласындағы Республикалық бас мешітте Қ.Бишімбаев пен С.Нүкенованың өз өтініштері бойынша куәгерлердің қатысуымен болашақ ерлі-зайыптылардың некесі қиылған. Аталған азаматтардан және олардың туыстарынан АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлік талап етілгенде «жасалу үстінде» деп жауап берген. Сонымен қатар дәстүрге сай екі жақтың ата-аналарының батасы мен рұқсатын алғанын, салт-дәстүр жолымен некелерін қиып беруін өтінген.

Аталған азаматтардан АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлікті табанды түрде талап етпеген, яғни ҚМДБ-ның ішкі жұмыс тәртібін бұзған Республикалық бас мешіт имамы Қ.Қыдырминге тәртіптік шара қолданылып, ескерту жасалды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы АХАТ бөлімінде ресми тіркелмеген, дініміз бен дәстүрімізге қайшы келетін «азаматтық некемен» үйленудің шариғаттағы үкімі харам екенін тағы да хабарлайды. ҚМДБ Қазақстан азаматтарын арты опық жегізетін мұндай ауыр әрі лас күнәлі істерден аулақ болуға шақырады.», - деп жазылған мәлімдемеде.

Қанат Қыдырмин бұрын Ақмола облысының бас имамы, "Әзірет Сұлтан" мешітінде наиб имам, ұстаз болып жұмыс істеді. Сонымен қатар, ҚМДБ жанындағы "Зекет және қайырымдылық" қорының директоры қызметін атқарған.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 9 қарашасында Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып-соғып өлтірген. Оның соты жоғарғы соттың тікелей эфирінде өтіп жатыр.