Бас прокуратура «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын тексеріп жатыр

0
635

Сондай-ақ, министр заңсыз берілген кен орындарын қайтару жұмыстары жүріп жатқанын айтты.


Бас прокуратура «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын тексеріп жатыр

ERNUR.KZ. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді, деп жазады ulysmedia.kz.

«АрселорМиттал Темиртау» бойынша келісімшарттық міндеттемелер қайта қаралды. Бұл ретте, қазіргі уақытта Бас прокуратураның басшылығымен компания қызметі бойынша кешенді тексеру жүргізілуде. Нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады», - деді министр.

Сондай-ақ, министр заңсыз берілген кен орындарын қайтару жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

«Бүгінгі таңда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларымен жасалған 87 келісімшарттың 40-ы күшін жойып, 47 келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттемелерді орындауы бойынша талдау жүргізіліп жатыр. Өндіруге дайын, бірақ барлауға заңсыз берілген 143 кен орнының 10 лицензиясы/келісімшарты қайтарып алынды. 25 жер қойнауын пайдаланушыларға міндеттемелердің бұзылғаны туралы хабарламалар жіберілді», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Естеріңізде болса, Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы еңбек, экология және салық заңдарын бұзып, инвестициялық міндеттемелерді орындамай отырғанын айтқан.

Айта кетейік, 8 желтоқсанда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургиялық зауытының коксхимиялық өндірісінде апат болып, бір адам көз жұмды.

Одан бұрын қараша айында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Ленин атындағы шахтасында газ жарылуы салдарынан 5 жұмысшы қаза тапты.

Бұдан бұрын президент Тоқаев апаттың мән-жайын анықтап, төтенше жағдайға шынайы баға беру үшін халықаралық компанияны тарту керегін айтқан. Сондай-ақ, кәсіпорынға кешенді тексеру жүргізіп, еңбек қауіпсіздігі мен барлық экологиялық норма талаптарының сақталуына мән беруді тапсырды.

Президенттің тапсырмасынан кейін сенаторлар еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатайтатын заң жобасын әзірледі.

Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин құқық қорғау органдары "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) компаниясының негізгі инвесторы Лакшми Митталды кінәсі анықталған жағдайда жауапкершілікке тартуға құқылы екенін мәлім етті.