Бас прокуратура Күдебаевтың ұсталуына қатысты пікір білдірді

0
322

Бұрынғы ПД басшысы уақытша ұстау изоляторына қамалды


Бас прокуратура Күдебаевтың ұсталуына қатысты пікір білдірді

ERNUR.KZ. Бас прокуратура Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевтың ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Ол 2022 жылдың қаңтарында болған оқиғалар кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны және азаптау үшін айыпталған болатын.

«Сот талқылауы кезінде С.М. Күдебаев өзіне қатысты қолданылған бұлтартпау шарасын бұзып, соттан жалтарып кеткен, сол себепті қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасымен мемлекетаралық іздеуге жарияланды. Бүгінгі таңда ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Айта кетсек, бұған дейін Серік Күдебаевтың Ыстамбұлда ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.

Еске салайық, өткен жылдың 26 қаңтарында Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев қызметінен босатылды. Оның жұмыстан босатылуының жай-жапсары Ішкі істер министрлігінде белгілі болды.

Серік Күдебаевтың соты Талдықорғанда биылғы қаңтар айының басында басталды. Ол 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде «ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздігі» үшін айыпталған еді.

Сот талқылауы барысында прокурор айыпталушыны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Бастапқыда генерал-майорға үкім 10 наурызға белгіленген, бірақ сотталушының сырқатына байланысты сот отырысы кейінге шегерілді. 16 наурызда дәл сондай себеппен сот отырысы өтпей қалды. Үкімді жариялау 20 наурызға шегерілді, бірақ сол күні тағы кейінге шегерілді. Ал 27 наурызда сот отырысы төртінші рет кейінге шегерілді. 30 наурызда Серік Күдебаевтың сотқа күштеп жеткізілетіні белгілі болды. Кейін оның елден қашып кеткені жарияланды.

Анықталғандай, генерал Бішкектегі «Манас» әуежайынан Ыстамбұлға ұшып кеткен. Ол тау арқылы шекара асқан болуы мүмкін деген ақпарат тарады.