Баталов мемлекеттік қызметшілердің бассейнді тегін пайдалануына тыйым салды

0
456

​Алматы облысының әкімі жүзу бассейіне қарапайым тұрғындарды да кіргізуді тапсырды.


Баталов мемлекеттік қызметшілердің бассейнді тегін пайдалануына тыйым салды

ERNUR.KZ. Себебі жаңадан ашылған бассейнде тек оқушылар ғана жаттығып, ал тұрғындардың ол жерге суға түсіп, шынығуына рұқсат берілмеген, - деп жазады ҚазАқпарат.

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов спорт саласының бірқатар мәселелері бойынша жиын өткізді. Басқосуда Талдықорғандағы жүзу бассейнінің жұмысына қатысты мәселе де көтерілді. Амандық Баталов бассейннің ең алдымен қала тұрғындары үшін салынғанын айтты. «Неге қарапайым азаматтар бассейнге бара алмайды?», - деді әкім.

Жабық жүзу бассейнінің директоры Мерей Сүйіновтің айтуынша, мекеменің басқару формасы «Су спорты түрлері бойынша облыстық мамандандырылған мектеп» КММ болып құрылғандықтан ересектерге ақылы қызмет көрсетуге заңдық құқығы жоқ екенін, ал абонементтік қызмет көрсету үшін басқару формасына өзгерту енгізу керектігін жеткізді. Сол сияқты қазіргі кезде бассейн санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес кешкі сағат 17.00-ге дейін ғана жұмыс істеп тұр. Қалыпты жағдайда спорттық мекеме өз жұмыс уақытын түнгі сағат 22.00-ге дейін ұзарта алады.

«Әрине, онда кәсіби спортшылар, балалар жаттығуы тиіс. Басқа қалалардағы спорттық командалардан да біздің 52 метрлік бассейнде жаттығуға сұраныстар түсіп жатқанын білемін. Бірақ спорттық нысан қала тұрғындарына да міндеті түрде қызмет көрсетуі тиіс. Бассейннің басқару құрылымын қалай өзгертесіңдер, абонемент арқылы қызмет көрсетуді қалай жолға қоясыңдар, осының бәрін жүйелеп, нақты ұсыныс әкелу үшін 10 күн уақыт беремін. Бірден айтайын, мемлекеттік қызметшілердің бассейнді тегін пайдалануына тыйым саламын. Қарапайым халықпен қатар абонемент сатып алып барсын. Бассейнге арнайы гид штатын белгілеңдер. Ол ниет білдіргендерге барлық бассейн, фитнес залдарын аралатып, таныстыратын маман болуы керек. Әрине, бассейн жұмысында барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтау – ең басты назарда болуы тиіс, - деді А. Баталов.

Еске салсақ, бүгінгі күні жабық жүзу бассейнінде 21 жаттықтырушы 1126 баланы су спортының үш түріне жаттықтыруда. Кезекте тағы 2 мыңнан астам бала тұр. Жаттықтырушылардың жұмысқа тартылуына қарай балалар іріктеуге кезек ретімен шақырылатын болады. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандардың жүзумен айналысуына арнайы уақыт белгіленген.

Айта кетейік, халықаралық стандартқа сай жүзу бассейні Талдықорғанда биыл шілде де Елорда күнінде ашылып, пайдалануға берілді.