БАТЫС ҚАЗАҚСТАН: Жол сапасы артып, жұмыспен қамтылғандар көбейіп жатыр

0
235

Ел бюджетінен қаржы бөлініп, жоспарланған жұмыстар жүргізілуде.


БАТЫС ҚАЗАҚСТАН: Жол сапасы артып, жұмыспен қамтылғандар көбейіп жатыр

Естеріңізде болса, біршама уақыт бұрын еліміздің аймақтарын дамыту мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаны іске асыру жұмыстары қолға алынған еді. Бірнеше министрлік біріге дайындаған жобаның негізгі мақсаты – әрбір өңірдің даму көрсеткішін, экономикасын ілгерілетіп, мемлекет басшысы ұстанған «тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын құру» саясатын іске асыру. Тиісінше, ел бюджетінен қаржы бөлініп, бүгінде жоспарланған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы орайда Батыс Қазақстан облысында атқарылып жатқан істердің біршамасына тоқтала кеткенді жөн көрдік.


Автокөлік жолдарын жөндеу – ауқымды жұмыс


«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаның негізгі бағыттарының бірі – жол сапасын арттыру. Осы орайда Батыс Қазақстан облысында жергілікті автокөлік жолдардының сапасын арттыру мақсатында алпыс жоба жүзеге асырылып жатыр. Тиісінше, аталған жобаларға алдыңғы жылдарға қарағанда бірнеше есе көп қаржы бөлінген. Еегер, ауқымды Осы шаруалар уақтылы әрі сапалы атқарылса, жыл соңында жақсы және қанағаттанарлық күйдегі жол үлесі 50%-ға жетеді.


Облыс әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, 2022 жылы өңірдегі жолдардың сапасын арттыру мақсатында жалпы 26,7 млрд. теңге қаражат бөлінген. Соның ішінде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде республикалық бюджеттен 23,8 млрд. теңге және жергілікті бюджеттен 2,5 млрд. теңге қаралған. Бұл қаражатқа жергілікті жолдардың 350 шақырымын жөндеу жоспарланған.Тиісінше, қазір 21 – ауыспалы, 39 – жаңа, жалпы 60 іске асырылуда.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Менеевтің айтуынша, 2022 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша жоспарланған 60 жобаның 55-і бойынша жұмыстар басталып, 70 шақырым жол жөнделген.


Айта кетсек, Батыс Қазақстан облысындағы автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 6176,1 шақырымды құрайды. Оның 1414 шықырымы Республикалық және 4 762,1 шақырымы жергілікті маңызы бар жолдар.


Республикалық маңызы бар 1414 шақырым автожолдың 984 шақырымы немесе 69 пайызы жақсы және қанағаттанарлық деңгейде болса, қалған 164 шақырымы қанағаттанарлықсыз күйде. Тиісінше, 266 шақырым жолға қайта құру және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал, облыстық және аудандық маңызы бар 4 762,1 шақырым автожолдың 1874,3 шақырымы немесе 39,0 пайызы жақсы және қанағаттанарлық күйде болса, қалған 2887,8 шақырымы немесе 61 пайызы жөндеуді қажет етеді.

Осы орайда, өткен жылы 30,2 млрд. теңге қаржыға 324 шақырым жол жөнделгенін айта кету керек. Дәлірек айтсақ, 11,6 млрд. теңгеге 65,2 шақырым Республикалық маңызы бар автожолдар, 11,6 млрд. теңгеге облыстық және аудандық маңызы бар 185,7 шақырым автожол, 4,8 млрд. теңгеге 54,9 шақырым кентішілік жол және 2,2 млрд. теңгеге Орал қаласындағы 24 шақырым көше-жол желісі жөнделген.


Ал, 2022 жылы 55,7 млрд. теңгеге 670 шақырым жолды жөндеу жоспарланғанын айттық. Оның ішінде: 14,3 млрд. теңгеге 210 шақырым республикалық маңызы бар автожол, 15,3 млрд. теңгеге 228,8 шақырым облыстық және аудандық маңызы бар автожол, 3,3 млрд. теңгеге 33,6 шақырым кентішілік жол және 1,0 млрд. теңгеге Орал қаласының 16,3 шақырым көше-жол желісінің сапасы арттырылады.


Республикалық жолдар желісіне арнайы тоқталып өтер болсақ, Батыс Қазақстан облысында жалпы ұзындығы 248 шақырым болатын "Казталовка-Жәнібек-РФ шекарасы" және "Унеге-Бисен-Сайхин" Республикалық маңызы бар жолдарда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, "Өнеге-Бисен-Сайхин" автожолындағы жол учаскелерінде де жұмыстар жүргізілетін болады. Өндірістік жұмыстардың әзірленген кестесіне сәйкес, 2022 жылы жалпы ұзындығы 119 шақырым республикалық маңызы бар жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.


Одан бөлек Хан Ордасы ауылына кіре берістегі Республикалық маңызы бар жолдың 21 шықырымын орташа дәрежеде жөндеуге 1,3 млрд. теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар, М-32 "РФ шекарасы (Самараға) – Шымкент" аатожолында да орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.



Жұмыспен қамту – әл-ауқатты көтерудің тиімді жолы


Бүгінде Батыс Қазақстан облысында азаматтарды жұмыспен қамту жұмыстары да жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, 2022 жылы ұлттық жоба шеңберінде 158 жобаны іске асыру жоспарланып, ол арқылы жалпы алты мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру көзделген. Осыған орай өңірдегі барлық бюджеттік әкімшілер, Орал қаласы мен аудан әкімдіктері «Электрондық еңбек биржасы» ақпараттық жүйесіне бос жұмыс орындарын құру мәліметтерін орналастырып, мердігерлермен тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізу және кездесулер өткізу бағытында жұмыс істеп келеді.

Сондай-ақ, өңірде «Интеграциялық карта» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіндегі «Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 5023 жұмыс орындарының 4673-і құрылған. Ал, «Қуатты өңірлер-ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 738 жұмыс орындарының 128-і және «Сапалы білім «Білімді ұлт» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 49 жұмыс орындарының 5-еуі ашылған.


Одан бөлек, соңғы 3 жылда ІІІ және IV санаттар бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға берілетін рұқсаттар динамикасы төмендеген. Атап өтсек, ІІІ санат бойынша 2019 жылы 443, 2020 жылы 329, ал 2021 жылы 235 қана рұқсат берілген. Ал, IV санат бойынша 2019 жылы 58 рұқсат берілсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 0-ге дейін төмендеген.

Жалпы, қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысында Ұлттық жобаны жүзеге асыру аясында кәсіпкерлікті дамыту және жобаларды жүзеге асыру жұмыстарына басымдық берілген. Сонымен қатар, жұмыс берушілердің «Электрондық еңбек биржасы» ақпараттық жүйесіне міндетті түрде тіркелуі және қызметкерлердің міндетті зейнетақы қоры аударымдарының төленуі бақылауға алынған. Демек, өңірде азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі оңтайлы шешімін тауып жатыр деген сөз.


Оқырман назарына ұсынғанымыздай, бүгінде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Батыс өңірде атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Алдағы уақытта басқа да салалар бойынша жүргізіліп жатқан жобалар жайында баяндайтын боламыз.

ERNUR.KZ