Батыс Қытай-Батыс Еуропа тасжолының жиегіне мал өтпеу үшін бетоннан қоршау салынады

0
394

Мәжіліс депутаты халықаралық транзиттік автожолында малдардың кесірінен болатын жол-көлік оқиғаларының әлі тыйылмай тұрғанын сөз етті.


Батыс Қытай-Батыс Еуропа тасжолының жиегіне мал өтпеу үшін бетоннан қоршау салынады

ERNUR.KZ. Бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Мәжіліс депутаттарының назарына көлік мәселелері бойынша заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсынысын айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында жолдарда көлік құралдарының салмақтық және габариттік параметрлерін өлшеудің автоматтандырылған станцияларын орнату жоспарлануда.

«Нәтижесінде ауыр салмақты арнаулы көлік қызметінің жол жүргені үшін бюджетке түсетін салымдар жыл сайын 1,5 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Сондай-ақ, автожолдар бүлінбей, көліктік бақылау жүргізу кезінде адами факторды болдырмауға мүмкіндік береді» - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев.

Осылайша әкімшілік кедергілерді азайту арқылы мамандар қашықтықтан бақылау нысанына көшірілмек.

Сонымен қатар Индустрия министрлігі азаматтық авиация саласындағы заң жобасына да бірақатар түзетулер енгізуді ұсынды.

«Әуеайлақтан 15 км радиуста аң фермаларын, мал сою орындарын, басқа да ауыл шаруашылығы объектілерін орналастыру үшін рұқсат беруді ұсынамыз», - деді вице-министр.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Сырым Ертаев Батыс Қытай-Батыс Еуропа тасжолында малдардың кесірінен болатын жол-көлік оқиғаларының елімізде әлі тыйылмай тұрғанын сөз етті. Жол жақсы, бірақ қауіпсіздік ескеріле бермейді. Халық қалаулысы тасжолдың екі жағына қойылатын қоршауларға қатысты алаңдаушылық білдірді.

Берік Камалиевтің сөзіне сенсек, бұл мәселе де алдағы уақытта өз шешімін таппақ.

«Негізі мұндай жолдардан адам мен мал түгілі тышқан да өтпеуі керек. Бірақ сол маңайда тұратын тұрғындар ауылдың бір шетінен екінші шетіне малдарын өткізеді, онсыз тағы болмайды. Сол жерде өмір сүріп жатқаннан кейін, малды да бағу керек. Шынымен де барлық жерлерде қоршаулар қойылмаған. Алайда кейбір жерге қойылған қоршауларды адамдар ұрлап кеткен. Бізде «рабица» торымен қоршау жасау туралы жоба болған. Біз оны өзгертіп, тордың орнына бетоннан жасалған қоршау жасамақпыз. Былай айтқанда тас қылып қатырып тастау керек. Сонда ғана ол жерден мал өтпейтін болады. Малдарды арнайы белгіленген жолмен айдап өту керек. Бұл негізі ҚазАвтожолдың мәселесі. Бұл проблемадан біз хабардармыз, өзіміздің назарымызда ұстайтын боламыз», - деді Берік Камалиев.