Бекшин COVID-19-ға қарсы күресте қай вакцина тиімді екенін айтты

0
599

Бас мемлекеттік санитария дәрігер науқастардың басым көпшілігінде ауру жеңіл болғанын баса айтты.


Бекшин COVID-19-ға қарсы күресте қай вакцина тиімді екенін айтты

ERNUR.KZ. Алматы қаласының бас мемлекеттік санитария дәрігері Жандарбек Бекшин Қазақстанда қолданылатын вакциналардың қайсысы коронавируспен күресуде тиімді екенін, жанама әсері аз және қайта вакцинациялауға жарамды екенін айтты, деп жазады Tengrinews.kz.

Жандарбек Бекшиннің айтуынша, биылғы жылдың сәуір айынан бастап Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті вакцинацияның толық курсын алғандардан, яғни екпе алғаннан кейінгі 42-45 күннен соң COVID-19-ға мониторинг жүргізді.

"Коронавирус инфекциясына қарсы екпе алған 980 мыңнан астам азаматтың 3239-ы қайта ауырған, бұл 0,33 пайызды құрайды. Вакцинацияның толық курсын алғаннан кейін Алматыда коронавирус инфекциямен сырқаттанушылық бойынша жағдай мынадай: "Спутник V" - 0,37 пайыз, "Синовак" - 0,19 пайыз, QazCovid-in (Qazva) - 0,17 пайыз", - деп хабарлады ол.

Бас мемлекеттік санитария дәрігер науқастардың басым көпшілігінде ауру жеңіл болғанын баса айтты.

"Статистика бойынша, QazCovid-in екпесінен кейін ауырғандар аз тіркелген. Қалалық аурухананың емдеу жұмысы жөніндегі орынбасарының мәліметінше, отандық препаратпен вакцинациядан кейін науқастарда басқа екпемен салыстырғанда жанама әсерлер аз байқалады", - деді Жандарбек Бекшин.

Сондай-ақ, ол QazCovid-in екпесін салдырғандар арасында ауруханаға жату пайызы басқа препараттармен салыстырғанда айтарлықтай аз байқалатынын айтты.

"Бұл біздің елдегі пандемиямен күресте жақсы көрсеткіш. Отандық вакцинаны алғаннан кейін инфекциялық стационардың қызметкерлері ревакцинация үшін QazCovid-in-ді лайықты қорғаныс ретінде таңдағанын атап өткім келеді", - дейді бас санитария дәрігер.

Қорытындылай келе, Жандарбек Бекшин санитарлық талаптарды сақтау керектігін еске салып, вакцинацияны кейінге қалдырмауға шақырды, өйткені тек ұжымдық иммунитет індетті тоқтататынын айтты.