Бес облыста су тасқынына қарсы шаралар жүргізіліп жатыр

0
358

Солтүстік Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында 6 379 тұрғын үй мен 2 794 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды.


Бес облыста су тасқынына қарсы шаралар жүргізіліп жатыр

ERNUR.KZ. Азаматтық қорғау қызметтері Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынына қарсы іс-шараларды жалғастырып жатыр. Бұл туралы ҚР ТЖМ өкілі Асқар Шәріп баяндады, деп жазады kaz.inform.kz.



«Жайық өзеніне судың келуіне байланысты Атырау облысы айрықша бақылауда. Атырау қаласында Жайық өзені бойында бөгеттерді нығайту жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Дронның көмегімен су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізілуде. Броньнан шығарылған жылжымалы сорғы станциялары су басқан аумақтардан су сору жұмыстарына жұмылдырылды», - деді А.Шәріп Орталық коммуникациялар қызметінде.

Солтүстік Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында 6 379 тұрғын үй мен 2 794 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды. Республика бойынша 37 мыңнан астам адам өз үйлеріне оралды, 6 мыңнан астам адам эвакуациялау пункттерінде орналасты.

Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 21 мыңнан астам адам, 2 мыңнан астам түрлі техника, 615 су сору және жүзу құралы, 8 әуе кемесі жұмылдырылды.

«Су тасқыны басталғалы бері 12 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 6,6 млн астам қапшық және 1,5 млн астам тонна инертті материал төселді. Жалпы азаматтық қорғау қызметтері Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіп жатыр», - деді спикер.