BI group Нұр-Сұлтанда рұқсатсыз алты үй салып жатыр - Көлгіновтің орынбасары

0
588

Қазір тіпті салынып бітпеген үйдің пәтерлері сатылымға қойылған.


BI group Нұр-Сұлтанда рұқсатсыз алты үй салып жатыр - Көлгіновтің орынбасары

Иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

ERNUR.KZ. Есіл ауданының тұрғындары аулада жүргізіліп жатқан құрылысқа наразылық білдіруде. Осындай ақцияны олар бұған дейін төрт рет өткізген. Екеуінде қала әкімі Алтай Көлгінов келіп, басу айтып, мәселені шешетінін жеткізген. Алайда қала басшылығының уәдесі орындалмаған күйі қалыпты, деп жазады Aikyn.kz.


Қазір Сығанақ көшесі мен Қабанбай батыр даңғылының қиылысында BI group үй салу мақсатында құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Бірақ жергілікті тұрғындар үйден гөрі, әкімдіктен мектептің салынуын сұрап отыр.


– Әкім «сіздердің келісім бермей, бұл жерге ештеңе салынбайды» деген. Бірақ ол бізді алдап кетті. Тіпті, Есіл ауданының әкімі де алдады. Біз Президентке, Бас прокуратураға хат жаздық. Бірақ одан еш нәтиже болмады. Баяғы жартас – сол жартас күйінде тұр. Сонда бұл не болғаны?! – дейді шағымданушы Фарид Ақбердиев.


Тіпті, құрылыс компаниясы қағаз жүзінде де ештеңе көрсете алмаған. Ал осы жолғы жиынға әкімнің орынбасары Нұрлан Нүркенов келді. Ол бұл маңға мектеп те, саябақ та салынатынын айтып, бұл мәселені өзі қарайтынын жеткізді.

«Бұл жер – BI group-тың иелігінде. Олар бұған бірнеше жылдан бері иелік етіп келеді. Осы жерге қатысты 2016 жылдан бері көппәтерлі тұрғын үй құрылысын қамтитын егжей-тегжейлі жобасы мақұлданған. Қазір компания осыған қатысты жоспарды жүзеге асыру барысында. Енді сіздердің талаптарыңыз бойынша, ішіне мектеп пен саябақ қосылады», – деді ол.

Оның айтуынша, BI group-қа бұл жерге жаңадан тұрғынүй комплексін салуға рұқсат берілмеген.
Ал құрылыс компанияның өкілі «баспана салуға рұқсат берілгенін» айтқанымен, оны дәлелдейтін құжаты болмады.

«Көпқабатты үйдің алтауы салынбақшы. Оның екеуі 24 қабаттан тұрады» дейді компания өкілі Максим Чернышев. Қазір тіпті салынып бітпеген үйдің пәтерлері сатылымға қойылған. Ал әкімдік олардың ұй салуға рұқсаты жоқтығын айтуда.