Бір баласы ғана қалды: БҚО-да жол апатынан қаза тапқан 6 адам – бір отбасының мүшелері

0
449

Апаттан күйеуі мен әйелі және олардың төрт баласы қайтыс болды.


Бір баласы ғана қалды: БҚО-да жол апатынан қаза тапқан 6 адам – бір отбасының мүшелері

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысында қайғылы жол апатынан қаза тапқан 6 адамның бір отбасы мүшелері екені белгілі болды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

БҚО Полиция департаментінде өткен брифингте департамент бастығының орынбасары Жанболат Жаншин жантүршігерлік оқиғаның мән-жайын айтып берді.

«Жүк көлігі Ақтөбеден келе жатқан. Көлікті 37 жастағы ер адам басқарған. Оның ішімдік ішпегені анықталды. Ал Lada Priora Сырым ауданындағы Круглоозерный ауылына қарай келе жатқан Көлікте күйеуі мен әйелі және олардың төрт баласы болған. Жүк көлігімен соқтығысқаннан кейін Lada жүргізушісі мен оның барлық жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша көлік жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кеткен», - деді Ж. Жаншин.

ПД өкілі Lada Priora жүргізушісі рөлде ұйықтап қалуы немесе басқа нәрсеге алаңдап қалған болуы мүмкін дейді. Себебі алдыңғы жақта басқа еш көлік болмаған, ешкімді басып озбаған.

«Ауыр жүк көлігінің жүргізушісі жеңіл көлік жүргізушісінің қарсы жолаққа шығып кеткенін көргенін, тіпті соқтығысуды болдырмауға әрекет еткенін айтты. Ол қарсы бетке шығып кеткен жүргізушіге белгі беріп, жарығын жыпылықтатқан. Бетпе-бет соқтығысуды болдырмаған. Алайда жеңіл көлік бәрібір жүк көлігінің тіркемесіне соғылған. Соққыдан кейін ауыр жүк көлігі бір бүйіріне құлап кеткен», - деді Жаншин.

Полицейлер марқұмның отбасында бір баласы ғана қалғанын атап өтті. Ол – мектеп оқушысы, қалада оқиды. Оның ата-анасы мұғалім болған.

Жыл басынан бері облыста 270 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 59 адам қаза тауып, 344-і жарақат алған. Өткен жылдың осы кезеңінде 213 жол-көлік оқиғасы болып, 68 адам қаза тауып, 262 адам жарақат алған.

Есе салайық, жантүршігерлік қайғылы оқиға 17 қыркүйекте сағат 19:00 шамасында Самара – Шымкент тасжолында болған. Lada Priora мен ауыр жүк көлігі соқтығысып, оқиға салдарынан 34 жастағы ер адам, 35 жастағы әйел және 11, 10, 5 және 1 жастағы төрт бала қаза тапқанын хабарлаған болатынбыз.