Бір күндік жалақы аударуды доғару керек – Экономист "Қазақстан халқына" қоры жайлы

0
673

Қазір әскерилер, мемлекеттік қызметкерлер мен жеке компаниялар қорға бір күндік жалақыларын аударып жатыр.


Бір күндік жалақы аударуды доғару керек – Экономист

ERNUR.KZ. "Қазақстан халқына" қорының қамқоршылар кеңесінің мүшесі, экономист Олжас Құдайбергенов қорға бір күндік жалақыны аудару жайлы тенденцияға пікір білдірді. Оның ойынша, мұндай тәжірибені тоқтатқан жөн, деп жазады Stan.kz.

Экономист азаматтардың "Қазақстан халқына" қорынан ақша алуы керек екенін айтып өтті.

"Қазір әскерилер, мемлекеттік қызметкерлер мен жеке компаниялар қорға бір күндік жалақыларын аударып жатыр. Қор мұндай мақсаттарға арналмаған. "Қазақстан халқына" қоры салықтан жалтарған, қаржысын шетелге шығарған жандарға азаматтық борышын өтеу үшін ашық болуы керек. Сонымен қатар табысы заңдастырылған қалталы азаматтар мен компаниялар да артық қаржысын аудара алады. Әрине, қарапайым тұрғындарға да аздаған соманы жіберуге болады. Алайда бір күндік жалақы аудару науқанын доғарған жөн", – деп бөлісті Олжас Құдайбергенов.

Айта кетейік, 11 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілісте сөз сөйлеу барысында "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қорын құру туралы тапсырма берген.

"Бұл Президент немесе Үкімет, басқа да мемлекеттік орган қоры емес. Бұл – барлық қазақстандыққа арналған қор. Ол әкімшілік немесе үкімет жанында қызмет етпейді. Арнайы бақылау кеңесі құрылады. Әділ, жауапкершілігі мол басшы тағайындалды. Жұмысы таза, бақылау мен есеп халыққа арналады. Жоспары, бюджеті мен жобалар сайтта жарияланады. Барлық ақпараттар ашық болады", - деді Тоқаев.