Бірнеше кәсіпорын Нұр-Сұлтанда кедергісіз жүріп-тұру үшін жалған анықтамалар жасаған

0
684

Тәртіпбұзушылық фактілерін полиция қызметкерлері планшеттегі электронды база арқылы тексеру кезінде анықтады.


Бірнеше кәсіпорын Нұр-Сұлтанда кедергісіз жүріп-тұру үшін жалған анықтамалар жасаған

Елордада бірқатар кәсіпорын Нұр-Сұлтан қаласы бойынша кедергісіз жүріп-тұру үшін жалған анықтамалар жасаған. Кәсіпорын басшылары оларда жұмыс істемейтін азаматтарға анықтама берген. Бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімдігінің сайтында жарияланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Тәртіпбұзушылық фактілерін полиция қызметкерлері планшеттегі электронды база арқылы тексеру кезінде анықтады. Барлық патрульдық қызметтер планшеттермен қамтылған. Тәртіпбұзушылар жауапкершілікке, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Өткен аптада қалада карантин режимін бұзғаны үшін 800-ден астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 32-і қамауға алынды, қалғандарына айыппұл салынды. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша әкімшілік полиция бастығы Елжан Шөпековтің айтуынша, карантин кезінде қала көшелерінде бес мыңға жуық полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қадағалап жатыр.

"Қала тұрғындарының көбі тәртіпті бұзып жатқан жоқ, алайда полицияны алдауға тырысатын тұрғындарымыз да бар. Шағын кәсіпорын иелері азаматтар қала ішінде кедергісіз, еркін жүріп-тұруы үшін жұмыс орнынан жалған анықтамалар берген. Олар әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін", - деп атап өтті Шөпеков.
Соңғы аптада айыппұл тұрағына 400-ге жуық автокөлік жөнелтіліп, 500-ден астам мемлекеттік нөмір тәркіленді.
"Карантиннің бірінші күнінен бастап тәртіп бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке шамамен үш мың адам тартылды. Полиция тұрғындарды карантин режимін бұзбауға және қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын ойлаңыз", - деді Шөпеков.