Биржалық сауда-саттықты уақытша кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды

0
738

Бұл шешім Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қабылданып отыр.


Биржалық сауда-саттықты уақытша кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды

ERNUR.KZ. Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша биржалық сауда-саттықты жағдай тұрақталғанға дейін уақытша кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Бұл туралы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.

«Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша биржалық сауда-саттықты жағдай тұрақталғанға дейін уақытша кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты бірінші кезекте агенттік алдында автогазға белгіленген шекті бағалардың сақталуын бақылау міндеті тұр. Келесі жылдан бастап сауда-саттықты қайта бастауға дайындау үшін агенттік тарапынан сұйытылған газ саудасының секциялық биржалық ережелері әзірленеді», - деп жазды Серік Жұманғарин.
Сондай-ақ агенттік төрағасы осы уақыттан бастап сұйытылған газ биржалық тауар деп танылғанын еске салды. Бұл сұйытылған газ саудасының жүргізілуін одан әрі бақылауды бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жүргізетінін білдіреді.

«Бүгінгі таңда белгіленген өкілеттіктер шеңберінде агенттік автогазға бөлшек сауда бағаларын уақытша реттеуді енгізді. Энергетика министрлігі көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын белгіледі», - деп түсіндірді Серік Жұманғарин.