Биыл кітапханашы мамандығына грант саны 30 пайызға артты

0
280

​Биыл кітапханашы мамандығына мемлекеттік білім грантының саны 30 пайызға артты.


Биыл кітапханашы мамандығына грант саны 30 пайызға артты

ERNUR.KZ. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың жауабында айтылған, деп жазады ҚазАқпарат.

«Ғылым және жоғары білім министрлігі 2023-2024 оқу жылына «В043-Кітапхана ісі, ақпараттарды өңдеу және мұрағат ісі» білім беру бағдарламаларының топтарына 100 білім беру грантын бөлуді жоспарлауда. Аталған көрсеткіш 2022-2023 оқу жылымен салыстырғанда 75 пайызға жоғары. Осы ретте сіздердің депутаттық сауалдарыңыздағы «Кітапхана ісі» мамандығына мемлекеттік грантты 30 пайызға арттыру туралы ұсыныс ескерілгенін хабарлаймын.

Мәдениет және спорт министрлігі жыл сайын республикалық 007 «Мәдениет және өнер саласындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау» бюджеттік бағдарламасы аясында еліміздің мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметкерлері үшін алыс және жақын шет елдерде біліктілігін арттыру шараларын ұйымдастырады. Осы ретте 2023-2025 жылдары аталған бюджеттік бағдарлама аясында еліміздегі көпшілікке арналған кітапхана қызметкерлерін оқытуды жоспарлап отыр. Бюджеттік жоспарға сәйкес 2023-2025 жылдары көпшілікке арналған кітапханалардың 18 қызметкері (2023 жыл – 6, 2024 жыл – 6, 2025 жыл – 6) біліктілігін арттырады деп күтілуде», - деп атап өтеді Тамара Дүйсенова өз жауабында.

Айтуынша, бұл жұмыстарды жүзеге асыруға Мәдениет және спорт министрлігі 2023-2025 жылдары аралығында мәдениет саласындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау шараларын осы қызметті іске асыратын ұлттық деңгейдегі түркітілдес елдердің білім беру және мәдениет ұйымдарында ұйымдастырмақ. Онда еліміздің кітапханашылары түркі тілдес мемлекеттердің алдыңғы қатарлы кітапханаларында, білім беру және мәдениет ұйымдарында кәсіби біліктілігін шыңдайтын болады. Бүгінде бұл шараларды жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізілуде.

«Жалпы, кітапхананы дамыту, балалар мен жасөспірімдердің оқуы, сондай-ақ олардың қызметкерлеріне жағдай жасау мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында. Сонымен бірге, Үкімет Парламент Мәжілісінің депутаттарымен бірге балалардың кітап оқуға құштарлығын ояту және «Балалар кітапханасы» жаңа бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жетілдіру және реттеу жөнінде сындарлы ұсыныстар әзірлеуге дайын екендігін білдіреді», - деді министр.