Биыл Қызылорда облысында 300-ге жуық көшеге орташа жөндеу жүргізіледі

0
429

Жөндеу жұмыстарына 5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.


Биыл Қызылорда облысында 300-ге жуық көшеге орташа жөндеу жүргізіледі

Еліміздегі әр облыстың дамуы бүкіл ел экономикасының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді. Соңғы жылдары осы мақсатта өңірлерді дамыту жұмыстарына көбірек көңіл бөлінуде. Оның ішінде азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру мен жайлы орта құру мәселесі негізге алынған. Яғни барлық өңір тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы болуы тиіс. Өз кезегінде бұл жобалар еліміздегі ең өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда барлық облыста осы бағыт бойынша тиісті жұмыстар қолға алынған. Осы арқылы өңірдегі түйткілді мәселелер кезең-кезеңімен шешілуде.
Ендеше бүгінгі материалымызда Қызылорда облысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталайық.


236 КӨШЕГЕ ЖӨНДЕУ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Өңірлерді дамыту мәселесінің басым бағыттарының бірі жол құрылыс саласы. Өйткені дәл осы сала тұрғындардың өмір сүру салтына тікелей әсер етеді десек те болады. Осы ретте Қызылорда облысындағы жолдардың сапасы туралы сөз қозғайық.
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, жол жөндеу жұмыстарының нәтижесінде жергілікті маңызы бар 366 шақырым автомобиль жолдарының 82%-ы жақсы жағдайға жеткізілді. Ал, биыл бұл көрсеткішті 87 пайызға жеткізу жоспарлануда. Осы мақсатта биылғы жылы жөндеу жұмыстарына 29,9 миллиард теңге бөлінді.
Сондай-ақ, Ақтөбе бағытындағы 566 шақырымды құрайтын жол бөлігін 2 жолақтан 4 жолақтан ауыстыру мәселесі Үкімет басшысына жеткізілді. Алдағы уақытта бұл жоба бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
Айта кетейік, қазіргі таңда Ақтөбе облысы бағытындағы автомобиль жолында жүк көліктерінің қарқындылығы жыл сайын орташа есеппен 10 пайызға өсіп, тәулігіне 10 мың автокөлікті құрауда.
2023 жылы Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты елді мекендердегі 236 көшеге орташа жөндеу жүргізіледі. Жөндеу жұмыстарына 5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның ішінде 99 көше асфальт және 137 көше тас жол құрылысын салу жоспарлануда.
Келесі кезекте, Президенттің тікелей бақылауындағы «Қызылорда-Жезқазған» автожолының құрылысына тоқталайық. Өздеріңізге белгілі, «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қалпына келтіру мәселесі көптеген жылдар бойы шешімін таппай келеді. Өз кезегінде бұл мәселе аймақ үшін өзекті жобалардың бірі десек болады.
Аталған автожолдың ұзындығы 216 шақырымды құрайды, биылғы жылы оның 100 шақырымнан астам бөлігін аяқтау жоспарлануда. Ал, қалған бөлігі 2025 жылдың аяғына дейін толық аяқталып пайдалануға беріледі.
Қазіргі таңда аталған жолдың реконструкциялау мәселелері бойынша арнайы жұмысшы тобы құрылып, жол құрылыс жұмыстары бақылауға алынды. Сондай-ақ, жоба аясындағы өзекті мәселелер бойынша тиісті шараларды қабылдау жөнінде жауапты мекемелерге тапсырмалар берілді. Алдағы уақытта «Қызылорда-Жезқазған» автожолы мәселесі шешімін тапса жол қатынасы да едәуір жеңілдейді.
Бұдан бөлек, өңірде жолаушылар тасымалын жақсарту үшін өткен жылы жаңа үлгідегі 150 автобус алынды. Ал, биыл 1 миллиард 434 млн теңгеге тағы 150 автобус сатып алуға тиісті құжаттар рәсімделуде.


ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ



(фото: Қызылорда облысының әкімдігі)
Келесі кезекте облыстың құрылыс саласына көз жүгіртейік. Қызылорда облысы еліміздегі құрылыс секторындағы жоғары өсу қарқыны бар аймақтар қатарында. Оның ішінде тұрғын үй құрылысын салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Атап айтар болсақ, 2022 жылы мемлекеттік бюджет есебінен тұрғын үй құрылысына 9,1 миллиард теңге қаржы бөлінді. Аталған қаражатқа 32 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, оның 12-і пайдалануға берілді. Оған қоса, жеке инвесторлар есебінен 9,9 миллиард теңгеге 509 пәтерлі 18 үй салынып жатыр.
Ал, биыл 23 тұрғын үй халық игіліне табысталып, 982 отбасы баспаналы болады. Одан бөлек, тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтарға 60 пәтер және халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 50 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй тарту етілді.
Үкімет бекіткен тапсырмаларға сәйкес, облыс жастарын тұрғын үймен қамту мәселесі де назардан тыс қалмаған. Атап айтар болсақ, өңірде 18-35 жас аралығындағы жастарға арналған «Сыр жастары» бағдарламасы іске қосылған. Аталған бағдарламаға білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, журналистика саласының мамандары, мемлекеттік және азаматтық қызметшілер, ғылыми қызметкерлер, ұлттық холдингтердің жергілікті филиалдарының, екінші деңгейлі банк қызметкерлері, құрылыс, қоғамдық тамақтану және басқа да қызмет көрсету саласының қызметкерлері мен әлеуметтік қызметкерлер қатыса алады. Бағдарламаға қатысушы соңғы 2 жылда Қызылорда облысында тіркеуде тұрған Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек. Жеңілдетілген несие 19 жылға 5% үстемемен «Отбасы банк» арқылы беріледі. Бағдарлама талабына сәйкес, қатысушының банкте үйдің бағасының 10% құрайтын салымы болса жеткілікті.
Арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасы аясында алғашқы кезде 130-дан астам жас отбасыға жеңілдетілген ипотекалық несие беру үшін жергілікті бюджеттен 1,2 миллиард теңге, «Отбасы» банкі арқылы 500 миллион теңге барлығы 1,7 миллиард теңге қаражат бөлініп отыр.
Бұдан бөлек, 2022 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасымен Сырдария өзенінің сол жағалауында 10 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Тұрғын үйлерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтуға бюджеттен 1,2 миллиард теңге бөлінді. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.
Облыс аумағында демеушілер де ауқымды құрылыс жобаларының жүзеге асуына қолдау көрсетуде. Атап айтар болсақ, өңірде демеушілердің есебінен 80 спорт-ойын алаңы, демалыс парктері мен аллеялар салынды. Аталған жұмыстарға 9 миллиард теңгеден астам қаржы қаралды.
Одан бөлек, Қызылжарма каналы арқылы «Бәйтерек» ықшам ауданына өтетін көпірдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жалпы құны 384,3 миллион теңгені құрайтын жобаны «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС жүзеге асыруда. Жоспар бойынша ұзындығы 156 м екі жолақты жол салынбақ. Құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталады деп күтілуде.
Сонымен қатар, Қызылорда су торабын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысан 110,0 мың га суармалы және 250 мың га жайылымдық жерлерді аяқ сумен қамтиды. Нысанды қайта жаңғырту жұмыстары барысында сол жағалаудағы шлюз-реттегіш, жаңа су торабы, су бекеттері мен трансформаторлық қосалқы станция салынып, торап аймағы абаттандырылатын болады. Аталған жобаның құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде.
Cондай-ақ, облыс аумағында құны 1,6 миллиард теңгені құрайтын Неке сарайының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жалпы аумағы 2 мыңнан астам шаршы метрді құрайтын зәулім ғимараттың құрылысы биыл тамыз айында аяқталмақ.
Қызылорда облысында жаңа әуежайдың іргетасы қаланды. Аталған ғимараттың аумағы 7,5 мың шаршы метрден астам, жалпы құны 31 миллион АҚШ долларын құрайды. Әуежай құрылысы кезінде 600-ден астам адам жұмыспен қамтылады. Ал, құрылыс аяқталғаннан кейін 70-ке жуық тұрақты жұмыс орны құрылады. Жаңа терминал халықаралық стандарт талаптарына сәйкес салынады. Жолаушылар үшін де барлық қолайлы жағдайлар жасалады.
Аталған нысан пайдалануға берілген кезде көлік саласының көрсеткіштері бірнеше есе артпақ. Нақтырақ айтатын болсақ, қазір жылына 1400 рейс орындалса, 2025 жылға қарай рейс саны 3000-ға жетеді деп күтілуде. Сондай-ақ, тасымалданған жолаушы саны 260 мыңнан 500 мыңға дейін ұлғаяды. Ал, жүк тасымалы 150 тоннадан 300 тоннаға дейін артады деп жоспарлануда.
Облыстық әкімдік әуежайдың сыртқы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жетілдіріп, терминал аумағын абаттандыратын болады. Өз кезегінде бұл жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар, әуе көлігі қызметін халықаралық деңгейге жеткізуге және авиациялық қауіпсіздікті күшейтуге, жаңа әуе бағыттарының ашылуына мүмкіндік артады.
Жалпы алғанда 2022 жылы Қызылорда облысының аумағында көптеген жаңа нысандар салынды. Оның ішінде өткен жылы пайдалануға берілген Жалағаш ауданындағы 250 орындық Оқушылар үйі мен Өнер мектебі, Арал ауданында Балықшылар аллеясы мен Балықшылар монументі, Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылында Еңбекшілер аллеясы, Жаңақорған ауданында заманауи саябақты атап өткен жөн.
Ал, 2023 жылы облыс орталығында Өнер сарайы, Неке сарайы және Қан орталығының құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, Қызылорда қаласында зәулім Оқушылар сарайы, 7 мың орындық жабық стадион, «Анаға тағзым» орталығы, қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу электр орталығы секілді заманауи нысандар бой көтермек.

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ 97,8%-Ы ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН СУ ЖҮЙЕСІНЕ ҚОСЫЛҒАН


(фото: ашық дереккөзден)
Еліміздің барлық өңірінде тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту мәселесі қолға алынған. Аталған мәселе бойынша Қызылорда облысында да бірқатар жұмытар атқарылуда. Қазіргі таңда облыс халқының 97,8 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу бойынша тиісті жұмыстар жасалуда.
Атап айтар болсақ, 2023 жылы 14 жобаға 5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда жаңа жобалар бойынша құрылыс жұмыстарына мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. Ал, өтпелі нысандар бойынша қаржыландыру жоспарына сәйкес, тиісті жұмыстар мерзімінде атқарылып пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 82,5 шақырым ауыз су, 6 шақырым кәріз жүйелері және 7 ұңғыманы бұрғылау жоспарланып отыр.
Қызылорда облысы әкімдігінің мәліметінше, өткен жылы облыстың ауыз су және кәріз жүйелерін жаңғырту және құрылысын жүргізуге «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде 11 жобаға барлығы 3,6 миллиард теңге қаржы бөлінген. Өз кезегінде республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген қаржылар толық игерілді.
Ұлттық жоба аясында 11 нысанның 3-інде құрылыс аяқталып пайдалануға берілді. Ал, Арал ауданында қалған 1 нысан, Көктем Қармақшы ауданынан 3 нысан, Алдашбай ахун, Қармақшы, Көмекбаев, Жалағаш ауданы Ақтерек, Аққұм, Мәдениет, Қызылорда қаласы Бәйтерек аудандарындағы құрылыс нысандары 2023 жылға өтпелі.
Сондай-ақ, 3 нысан бойынша 13,9 шақырым ауыз су, 4,4 шақырым кәріз желілері жаңғырлытып пайдалануға берілді.
Бұдан бөлек, өткен жылы 6 ауылдық елді мекен көгілдір отынға қосылып, халықты газбен қамту көрсеткіші 70 пайызға жетті. Ал, биыл 10 ауылдық елді мекенді газбен қамтамасыз ету арқылы бұл көрсеткішті 72 пайызға жеткізу жоспарлануда.

ОБЛЫС МЕКТЕПТЕРІ 100% БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАЛАРЫМЕН ҚАМТЫЛҒАН

Өңірлерде цифрландыру саласын дамыту заманның талабы десек артық айтпаған болар едік. Әрі осы сала арқылы қағазбастылықтын арылуға мүмкіндік туар еді.
Қазіргі таңда барлық облыста халықты сапалы әрі қолжетімді интернетпен қамту жұмыстары жүргізілуде.
Ал, Қызылорда облысын цифрландыру «Цифрландыру, ғылым және инновация арқылы технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы және «Ақылды» қалалардың эталондық стандарты аясында жүзеге асырылады.
Ендеше, облыстың әр сала бойынша цифрландырудың көрсеткіштеріне тоқталайық.
Бірінші кезекте өңірдегі әлеуметтік нысандардан бастайық. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласын цифрландыру негізгі міндеттердің бірі.
Бүгінде облыс аумағындағы аудандық деңгейге дейінгі және аудандық деңгейден төмен барлық медициналық ұйымдар компьютермен 100 пайыз қамтылған. Сондай-ақ, тұрғындардың электронды денсаулық паспорты 100% толтырылған.
Өңірдегі барлық медициналық ұйымдар «Damumed» кешенді медициналық ақпараттық жүйесімен қамтылған. Оның ішінде электронды түрде дәрігер қабылдауына тіркелу, дәрігердің тағайындауы 47%-ға жүзеге асырылған.
Облыстың 15 медициналық ұйымында телемедицина құралдарының кешендері орнатылған. Өткен жылдың қорытындысымен өңірдегі телемедициналық консультациялар саны 870-ке жетті. Оның ішінде республикалық орталықтармен консультациялар саны – 18, облыстық деңгейдегі медициналық ұйымдармен – 242, көпбейінді облыстық ауруханамен – 610.
Сондай-ақ, медициналық құжаттарды ұзақ және тұрақты сақтау мақсатында «DICOM бейнелерін жіберу және мұрағаттау үшін PACS жүйесін енгізу» жобасы іске асырылды. Бүгінде PACS жүйесі енгізілуге тиісті 37 медициналық ұйымның барлығында PACS жүйесі енгізілген.
Бұдан бөлек, e-Health электрондық денсаулық сақтаудың жаңа цифрлық архитектурасына көшу жүзеге асырылуда. Аталмыш жоба аясында азаматтар денсаулығының ұлттық электрондық паспортын қалыптастыруды, микросервистік архитектураны пайдалануға көшуді және эталондық деректер базасын құруды қамтамасыз ету жоспарлануда. Өткен жылы облыс аумағында e-Health ядросының негізгі компоненттері іске қосылды: Ал, жобаны толық іске қосу 2023 жылға жоспарланып отыр.
Келесі кезекте білім беру саласын цифрландыру мәселесіне тоқталайық. Қызылорда облысындағы 300-ге жуық мемлекеттік мектеп «Қазақтелеком», «Транстелеком» және «Сәтті» байланыс операторларының арналары арқылы интернетке қосылып жұмыс жасауда.
Ал, қағазбастылықтан арылу және білім беру сапасын арттыру мақсатында «Күнделік» электронды журналы жұмыс жасайды. Сондай-ақ, «BilimLand» цифрлы білім беру контентінің «Онлайн мектеп» платформасы бойынша 42 пәннен 5 700 сабақ пен 140 мыңнан астам тапсырмалар қолжетімді .
Бұдан бөлек, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында «Қауіпсіз мектеп» жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінде облыс аумағындағы мектептердің барлығы 100% бейнебақылау камераларымен қамтылған. Оның ішінде 225 мектеп камералары жедел басқару орталығына қосылған. Сондай-ақ, 170 мектепте ақылды турникет, 97 мектепте дабыл батырмалары орнатылған. Бұдан басқа, 45 мектеп мамандырылған күзет қызметімен қамтамасыз етілген. Жалпы алғанда қазіргі таңда Қызылорда қаласы бойынша білім беру ұйымдарының 2807 камерасы, денсаулық сақтау ұйымдарының 1688 камерасы, көппәтерлі тұрғын үйлердің 998 камерасы бар.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласының қоғамдық көліктеріне электронды билет жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 430 қалаішілік қоғамдық көліктің 199-да электронды билет жүйесінің стационарлық валидаторлары мен терминалдары орнатылған. Бүгінде жолаушылар Kaspi.kz, Halyk bank қосымшалары, Activ және Kcell ұялы байланыс операторларының қосымшалары, сондай-ақ көлік карталары мен SMS арқылы онлайн төлем жасайды.
Қызылорда облысында 2018 жылдан бастап «Электрондық қылмыстық іс жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, 2020-2021 жылдар аралығында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 20 стационарлық «Арқан» жылдамдық өлшегіші орнатылды. Одан бөлек, бейне мониторингтің бірыңғай жүйесін құру шеңберінде 500 қалалық камера, 10 жол қиылысына зияткерлік, 35 стационарлық жылдамдық өлшегіш құралдарын орнату жоспарлануда.
Ал, тұрғындардың онлайн сервистер мен қызметтерді алу ыңғайлылығы үшін 2019 жылы 78-сервис қолжетімді «Smart Qyzylorda» мобильді қосымшасы іске қосылды.
Сондай-ақ, өткен жылдан бастап «112 - Бірыңғай кезекшілік - диспетчерлік қызметі» 102 желісі бойынша аудандардан қоңырауларды, хабарламаларды қабылдай бастады. 2022 жылдың қорытындысымен «112-бірыңғай кезекшілік диспетчерлік қызметіне» жалпы саны 150 мыңнан астам өтініш келіп түскен.
Оның ішінде өрт сөндіру бойынша - 1850, құқық қорғау сипатындағы мәселелер бойынша - 136 434, төтенше жағдайлар желісі бойынша - 692 өтініш түскен.
Ал, коммуналдық мәселелер бойынша өтініш қабылдайтын «109 – Бірыңғай байланыс орталығы» жұмыс істейді. 2022 жылдың қорытындысымен бірыңғай байланыс орталығына 100 мыңнан астам қоңырау келіп түскен. Оның 99,77%-ы телефон арқылы, 240-ы әлеуметтік желілерде жарияланған.
Сонымен қатар, облыс тұрғындарының цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында түрлі жобалар іске асырылуда. Атап айтатын болсақ, 2022 жылы «GRAND master» бағдарламалау мектебі» ЖШС-гі, «Qod Design», «ART Software», «ТТ Games» резиденттері оқушыларға тегін бағдарламалау курстарын өткізді.
Сондай-ақ, 2022 жылы IT-Parkте Қызылорда қаласы бойынша жоғарғы және арнаулы орта білім беретін оқу орындарымен дуалды оқыту жүйесінде шамамен 200 студент қамтитын тәжірибелік сабақтар оқытылды.
Қорытындылай келе, Қызылорда облысын қарқынды дамып жатқан өңірлер қатарына қосуға әбден болады . Оның ішінде тұрғындардың сапалы өмір сүруіне бағытталған жобаларды ерекше атап өтуге тұрарлық. Қызылорда облысының даму көрсеткіші алдағы уақытта бұдан да жоғары нәтижелерге жетеді деп сенеміз.

ERNUR.KZ.