Биыл оңтүстіктен солтүстік өңірге 7 мың отбасы көшкен

0
1 201

Оңтүстіктен солтүстік өңірге көбінесе жастар және еңбек жасындағы азаматтар көшуде.


Биыл оңтүстіктен солтүстік өңірге 7 мың отбасы көшкен

ERNUR.KZ. 2019 жылы "Еңбек" бағдарламасы аясында еліміздің оңтүстік өңірінен солтүстік аймағына 7 мың отбасы көшті, деп жазады Елорда Инфо.

"Қазақстанда ішкі көші-қон осыдан 3-4 жыл бұрын үлкен үрдіс алды. Еліміздің оңтүстік өңірінен солтүстік аймағына. Бірден айтып өту қажет, біз ешкімді қинап көшіре алмаймыз. Біз зерттеу жұмыстарын жүргіздік, соның нәтижесінде байқағанымыз, солтүстік аймақтарымызда халықтың саны жыл санап азайып барады, ал оңтүстікте, керісінше, көбею процесі. Біздің болжамымызша, осы үрдіс жалғаса берсе, 2050 жылға қарай Қазақстанның солтүстігіндегі халық саны 1 млн-ға дейін қысқарып, оңтүстікте халық 5 млн-ға дейін өседі. Яғни айырмашылық үлкен.
Осы орайды Үкіметпен келісіліп, еңбекпен қамту бағдарламасы аясында еліміздің оңтүстік өңіріндегі тұрғындарды солтүстік аймаққа көшіру туралы шешім қабылданды. Ол үшін арнайы облыстар белгіленіп алды. Тұрғындарды көшіргенде жай ғана бір күннің ішінде көшіру емес, ол үшін алдымен жағдай жасалуы тиіс. Ол дегеніміз – жұмыспен қамту, тұрғын үй, балабақша, мектеп және тағы басқа мәселелер шешілуі тиіс", – деді ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша, оңтүстіктен солтүстік өңірге көбінесе жастар және еңбек жасындағы азаматтар көшуде.

"2017 жылы еліміз бойынша ірі бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырдық. Бұл жұмыс өз жалғасын тауып келеді, биыл "Еңбек" бағдарламасы аясында Түркістан және Алматы облысынан 7 мың отбасы СҚО және Павлодар облыстарына қоныс аударды. Ендігі сұрақ оларға қандай жағдай жасалады? Егер отбасы "Еңбек" бағдарламасымен келсек, оларға бір реттік 35 АЕК көлемінде жәрдемақы беріледі, сондай-ақ баспана мәселесін шешу мақсатында 1 жылға дейін пәтер жалдап тұруы үшін ай сайын 75 мың теңге көлемінде төлемақы беріледі", – деді ол.