БҚО-да 4 жасар баланы ит қауып, жыныс мүшесін зақымдаған

0
963

​Балаға күрделі ота жасалып, дәрігерлердің бақылауына алынды.


БҚО-да 4 жасар баланы ит қауып, жыныс мүшесін зақымдаған

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысында балабақшадан келген кішкентай баланы ит талап тастады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Мой город» порталының жазуынша, оқиға 12 қыркүйекте Бөрлі ауданында болған.

Белгілі болғандай, балабақшадан кейін үй жағындағы аулада ойнап жүрген4 жасар бүлдіршінге көршісінің иті тарпа бас салған. Қабаған ит баланың шабынан қауып, терісін жыртып жіберген. Соның салдарынан баланың жыныс мүшесі мен сан сүйегі зақымданған.

Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі балаға хирург дәрігерлердің шұғыл көмек көрсеткенін мәлімдеді.

«Балаға құтырмаға қарсы вакцина салынды. Содан кейін дәрігерлердің сүйемелдеуімен сәби облыстық көпсалалы балалар ауруханасының хирургия бөліміне жеткізілді. Балаға күрделі ота жасалып, мамандардың бақылауына алынды. Дәрігерлер баланың жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр», - делінген хабарламада.

Полиция ит иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 407-2 бабы «ҚР жануарларға жауапкершілікпен қарау заңнамасын бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Оған 10 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.

Ал иесі үй жануарының көзін жою туралы өтініш жазған. Полицияның айтуынша, баланы «сенбернар» тұқымды ит қапқан, оның екпе салынған төлқұжаты болғанымен, әлі чип салынбағаны анықталды.