БҚО-да бензинді қымбатқа сатқан компания анықталды

0
325

Компанияның заң бұзғаны дәлеленсе, оған қомақты айыппұл салынуы мүмкін.


БҚО-да бензинді қымбатқа сатқан компания анықталды

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысында бензин бағасын көтеріп сатқан компания анықталды, деп жазады inbusiness.kz.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Оралдағы "Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының өтініші негізінде жағармайды қымбатқа сатқан компанияның жұмысы тексерілген.

"Табиғи монополияларды реттеу комитетінің БҚО бойынша департаменті "МегаОйлОрал" ЖШС 1 литр АИ-92 маркалы бензинді 210 теңгеден сатқанын анықтады. Бұл жоғары баға болып саналады. Осылайша, аталған компания ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 171-бабын бұзған. Бұл белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізудің шекті бағасын асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті көздейді. Тәртіп бұзушыға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, істің барлық материалы сот органдарына жіберілді", - деп жазылған хабарламада.

Сот департаменттің пайдасына шешім қабылдаса, құқық бұзушыға 100-ден 1000 АЕК- ке дейін (306 мың 300 теңгеден 3 млн 63 мың теңгеге дейін) айыппұл салынуы мүмкін.

Айта кетейік, биыл елде 180 күнге мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізуге шекті баға белгілен, бұл бағаны көтергендер үшін әкімшілік жауапкершілік көздейді. Егер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жылда заң қайта бұзылса, компания аккредиттеу туралы куәліктен айыралады, әрі түскен кірістің (түсімнің) 100% мөлшерінде айыппұл төлейді. Тұтынушылар жанар-жағармай қымбатқа сатылса, Табиғи монополияларды реттеу комитетіне хабарласа алады.