БҚО-дағы тікұшақ апаты жайлы тың дерек айтылды

0
578

Апатқа ұшыраған Ми-8 тікұшағының әуеде ұшуы 250 сағатты құрайды.


БҚО-дағы тікұшақ апаты жайлы тың дерек айтылды

ERNUR.KZ. Тікұшақ 2021 жылы жасап шығарылған. Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Руслан Иманқұлов журналистерге берген баспасөз конференциясында айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Кеше біздің жүйе үшін қайғылы күн болды. Бір күнде төрт әріптесімізден – жақын достарымыздан, тәжірибелі және жоғары кәсіби қызметкерлерімізден айырылдық. Сонымен қатар авиациялық оқиға кезінде біздің бір қызметкеріміз «Қазавиақұтқару» жетекші инженері және «ҚазТрансОйл» өкілі зардап шекті», - деді Иманқұлов.

Ол апат қалай болғанын айтып берді.

«Осыған дейін хабарлағанымыздай, кеше 23 ақпанда Астана уақытымен сағат 15.48-де дағдарыс жағдайларында басқару орталығына Орал қаласынан 54 км жерде Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Чапурино кентінің ашық аумағында Ми-8 ТЖМ «Қазавиақұтқару» тікұшағы қонуға мәжбүрлі болғаны туралы ақпарат келіп түсті. Тікұшақ «Атырау-Орал-Атырау» бағыты бойынша ұшқан болатын.

Сағат 10.40-та «ҚазТрансОйл» АҚ өтінімі бойынша Атыраудан ұшып шықты, бортта 6 адам – 5 экипаж мүшесі және «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 1 өкілі болды.

«ҚазТрансОйл» АҚ-ның өтінімі бойынша тікұшақ «Өзен-Атырау-Самара» магистральдық мұнай құбырын бойлай ұшты», - деді ол.

Ол Атырау әуежайы-Қасымов МАС тікұшақ алаңы (мұнай айдау станциясы)-Индер-МЖС Сахарный-Үлкен Шаған-МАС 1235 км (ҚР және РФ шекарасы)-Орал әуежайы-Қасымов тікұшақ алаңы-Атырау әуежайы бағыты бойынша ұшқанын қозғап өтті.

«2021 жылы жасап шығарылған Ми-8 тікұшағының әуеде ұшуы 250 сағатты құрайды, 2023 жылдың 17 қаңтарында Атырау қаласында мерзімді техникалық қызмет көрсетуден өткен болатын. 2030 жылы әуе кемесі алғашқы күрделі жөндеуден өтуі тиіс болатын. Тікұшақ пайдаланылған сәттен бастап ұшуға жарамдылығына әсер ететін ақаулар мен ескертулер болған жоқ.

Оқиғаның болғаны туралы хабарлама түскеннен кейін БҚО ТЖД бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Рашид Біләлов 23 құтқарушы мен 8 техникадан тұратын топты басқарып оқиға орнына барды. Сондай-ақ оқиға орнына жедел медициналық жәрдем ауруханасының 15 дәрігері және құқық қорғау органдарының өкілдері де барды. ТЖ департаментінде жедел штаб және «жедел желі телефоны» ұйымдастырылды», - деді ол.

Сағат 19.07-де оқиға орнында ТЖД күшімен қаза тапқандардың 4 денесі табылды: әуе кемесінің командирі Дәулетбай Қанатов, екінші ұшқыш Владимир Афанасьев, борт механигі Сиязбек Андосов және инженер Жәрдем Досқалиев.

«Қазавиақұтқару» инженері Сергей Щеглов пен «ҚазТрансОйл» АҚ желілік құбыржолшысы С.С. Ерғалиев түрлі жарақаттармен жедел медициналық жәрдем вагонымен Орал қаласының көпсалалы ауруханасына жеткізілді. «Қазавиақұтқару» бас директоры оқиға орнына бірден ұшып шықты. Сонымен қатар бүгін тікұшақты әзірлеген зауыт өкілдері оқиға орнына баратын болады. Оқиғаның мән-жайын тергеумен ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері мен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді Тергеу департаментінің қызметкерлері айналысатын болады», - деді Иманқұлова.

Ол атағандай, экипажда білікті, жоғары тәжірибелі мамандар болған, олардың әуеде ұшу сағаттары да аз емес.

«Әрқайсысының авиақұтқару саласындағы еңбек өтілі 10 жылдан кем емес, ал жалпы еңбек өтілі 30 жылдан асады», - деді ол.