​«Бос» билеттердің қайдан пайда болатыны анықталды

0
2 558

Бектенов бір қолға берілетін билеттің саны шектеулі болғанына қарамастан, алып-сатарларда билеттер өте көп екенін айтып өтті.


​«Бос» билеттердің қайдан пайда болатыны анықталды

ERNUR.KZ.Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіндегі жиын барысында «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының орынбасары Данияр Нұрмағамбетов мәлімдеді, деп жазады Baq.kz.

«Қазақстан темір жолы» жылына 18 млн жолаушыны тасымалдайды. Бұл айына бүтіндей бір Астананы немесе Алматы секілді ірі қаланы тасымалдаумен тең. Алайда, компания елдегі жалғыз тасымалдаушы емес. Себебі, біздің Қазақстан бойынша жүретін 119 бағдардан басқа жекеменшік тасымалдаушылардың тағы 21 бағдары бар. Иә, туындап отырған мәселе жүйелі сипатқа ие болып отыр. Алайда, сол 18 млн жүзден бір бөлігін алып қарайтын болсақ та, бізде сонда да 1800 жағдай орын алады», - деген «Жолаушылар тасымалы» компаниясы өкілінің сөзін Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы бөлді.

«Данияр Жақсыбайұлы, жүргізіліп жатқан жұмыстар үлкен, тасымалдар да ауқымды. Бірақ, бұл жерде мәселе жүзден бір жағдайға қатысты болып отырған жоқ. Себебі, проблема жүйелі сипатта болып отыр. Біз де, сіз де жолаушылымыз және осы мәселе біздің алдымыздан да шығып отыр. Әсіресе, жаз маусымында билет табу мүмкін емес», - деген Олжас Бектенов жыл сайын осы жағдай қайталанатынын айтып, осының шешімдерін ұсынуды сұрады.

Бектенов бір қолға берілетін билеттің саны шектеулі болғанына қарамастан, алып-сатарларда билеттер өте көп екенін айтып өтті.

«Мұндай «бос» билеттердің пайда болуына негізгі себеп бар. Біз бірнеше рет ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне хат жолдадық. Күн сайын Қазақстан аумағындағы барлық пойыздарда 1500-1700 билет мемлекеттік органдардың қарулы күш құрылымдары үшін броньдалады. Сондықтан, осы броньдалатын билеттер көлемін азайту, айналымда бос билеттердің туындамауына себебін тигізер еді. Әрі десе, әлгі броньдалған билеттердің 80 проценті қолданылмайды. Алайда, біз бағынатын министрліктің сәйкес бұйрығы бар болғандықтан, біз ешқандай шара қолдана алмаймыз», - деді Нұрмағамбетов.

Оның айтуынша, бұл броньдалған билеттер пойыздың жолға шығуына дейін 24-6 сағат аралығында уақыт қалғанда ғана броньдаудан босатылады.

«Екіншіден, біз қазір билеттерді сатып алу және броньдау үшін қолданатын жүйе ТМД кеңістігінде жұмыс жасайтын жүйе болып табылады. Ия, расында да аталған жүйе алыпсатарлық секілді жағдайлардың алдын алу үшін аса қолайлы емес. Сол себепті біз жазғы тасымалдар алдында, біріншіден, билеттерді қайтару үшін 1000 теңге көлемінде тариф енгіздік. Жолаушылар тарапынан наразылықтар да туындады. Бірақ, бізде мұндай шара қолданбасқа шара жоқ. Екіншіден, егер, билетті қайтаратын адам кассаға келуі керек немесе бұл әрекет сенімхат арқылы жүзеге асырылады. Осылайша, алыпсатарлар бір азаматтың жеке куәлігінің көшірмесі арқылы билет сатып алып, оны артынша кейін қайтара алса, енді ондай мүмкіндік болмайды», - деді ҚТЖ өкілі.