Бос жер телімдері арнайы порталда жарияланатын болады

0
1 149

Кез келген адам электронды форматта өтінім беріп, аукционға қатыса алады.


Бос жер телімдері арнайы порталда жарияланатын болады

ERNUR.KZ. Үкімет пен «Нұр Отан» партиясы арнайы геоақпараттық порталды әзірлеп жатыр. Бірнеше айдың ішінде жаңа жүйе xалыққа таныстырылуы мүмкін, деп жазады ҚазАқпарат порталы.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, қазіргі кезде геоақпараттық жүйені әзірлеу шаралары атқарылып келеді. Аталған жұмысқа партия мамандары да атсалысып жатқан көрінеді.

«Бұл жүйеде бос жер телімдері туралы ақпарат ашық жарияланады. Әкімдіктер арқылы жалға берілетін, сатылатын жерлер болса, барлығы ақпараттық жүйеде көрсетілуі шарт. Ашығын айту керек, дәл осы салада жемқорлық көп. Өйткені ақпарат ашық түрде жарияланбайды. Жер телімдері туралы ақпараттың бәрі жабық. Сондықтан жаңа портал арқылы жер телімдері туралы толық ақпарат жариялаймыз деген ойымыз бар. Аукциондар, коммуникациялар, жердің бағасы - бәрі-бәрі жаңа жүйенің ішінде болады», - дейді Мәулен Әшімбаев NurOtan Trends алаңында.

Оның айтуынша, геоақпараттық порталда аукционға қатысу функциясы да болады. Кез келген адам электронды форматта өтінім беріп, аукционға қатыса алады. Сөйтіп, жерді жалға немесе жеке меншікке алуға мүмкіндік жасай алады.

«Қазіргі кезде біз Үкіметпен тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Осы жұмысқа Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев жауапты. Меніңше, алдағы бірнеше айдың ішінде нақты бір нәтижелерді көрсетуге тырысамыз», - деп атап көрсетті Мәулен Әшімбаев.