​Бір жыл бұрын жоғалып кеткен ақтөбелік азамат құлдықта болғанын айтты

0
758

11 ай бұрын жоғалып кеткен Ақтөбе қаласының тұрғыны Жангелді Міржақып Темір ауданы Кеңқияқ ауылында құлдықта болғанын айтып берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


​Бір жыл бұрын жоғалып кеткен ақтөбелік азамат құлдықта болғанын айтты

11 ай бұрын жоғалып кеткен Ақтөбе қаласының тұрғыны Жангелді Міржақып Темір ауданы Кеңқияқ ауылында құлдықта болғанын айтып берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚазАқпарат-сілтеме жасап.

Орталық базарда жүрген Ақтөбе қаласының тұрғынына бөгде адам келіп ұсыныс білдірген. Сөйтіп, ол айына 30 мың теңгеге мал бағуға келіскен. Осы келісіммен Жангелді Міржақып ауылға барып, ірі қара мал мен қой баққан. Бірақ шаруашылық иесі оған жалақы төлемей қойған. Кейде ұрып, жазалап келген.

«2017 жылдың мамыр айында «мал бағасың, 30 мың теңге жалақы беремін» деп алып кетті. Қой, ірі қара мал бағып, жылқы қарадым. Кеңқияқ ауылындағы шаруашылық иесі Қанат Базарғалиев уәдесінде тұрмай, маған жалақы бермей қойды. «Дұрыс бақпадың» деп ұрысып, анда-санда келіп ұрып кететін болды. Кетуге оқталып, қашқан кезде тауып алып, қайта жұмысқа салды», - деді Жангелді Міржақып.

Отбасы құрмаған, ағаларының жанында тұратын Жангелді Міржақыпқа бірнеше ай бұрын іздеу жарияланып, ішкі істер органдарының жоғалғандар тізіміне қойылған. Бауырымен қауышқан отбасы енді облыстық прокуратураға арыз жазбақ.

«Он бір ай бойы адамды азаптау дұрыс па? Біздер жоғалып кетті деп іздеу жариялап, ауылға қайта-қайта хабар бердік. Суретін көшеге іліп, жан-жаққа жеткіздік. Тіпті, көріпкелдерге барып, амандығын білген кездер болды. «Бір-екі айда хабары болады» деп айтқанда қуанып, күтумен болдық. Бір күні Зауыт полиция бөлімінің қызметкерлері түн ішінде бауырымыздың суретін жіберіп, «осы адам ба» деп сұрады. Бір-бірімізге хабар беріп, түнде алған хабардан ұйықтамадық», - деді ағасы Қазбек Міржақып.

Кейін отбасы Темір аудандық ішкі істер бөліміне барып, сол жерден Жангелді Міржақыпты алып келген. Оны дәрігерге қаратып, алған жарақаттарын растап, құжат рәсімдеткен.

Айта кетейік, Жангелді Міржақыптың ауылда мал баққанын полиция қызметкерлері де білмеген. Қойды қозысына қоса алмаған кезде шаруашылық иесі оны кезекті рет соққыға жыққан кезде сонда сауыншы болып жұмыс істейтін ауыл тұрғыны полицияға хабар береді. Құқық қорғау қызметкерлері құлдықта болған Жангелді Міржақыпты алып кетіп, кейін бұл хабарды аудан орталығына жібереді. Оның іздеудегі адам екені де сол кезде анықталады.

«Біз адамды күштеп ұстап, жалақысыз мал баққызған шаруашылық иесі қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек деп есептейміз. Сондықтан облыстық прокуратураға арыз жазып отырмыз», - деді Қазбек Міржақып.

Жангелді Міржақыптың қосымша түсініктеме бергені туралы ақпаратты Темір аудандық прокуроры Нұрдәулет Сұлтанов растап отыр. Ақтөбе облыстық прокуратурасы да Жангелді Міржақыптың арызын қабылдап алды.

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет