ҰБТ-ның "дұрыс жауабын" сатып аламыз деп алданып қалмаңыздар

0
1 893

Биыл ҰБТ форматына өзгеріс енгізілген жоқ, тек оқушыларға сынақты ағылшын тілінде тапсыруға мүмкіндік беріліп отыр.


ҰБТ-ның

Ұлттық тестілеу орталығының директоры ҰБТ сұрақтарының жауабы ешқашан сатылмағанын және болашақта да сатылмайтынын атап өтті.

Білім және ғылым министрлігі ата-аналар мен түлектерге ҰБТ кезінде алаяқтардың арбауына түсіп қалмауды ескертті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Sputnik Қазақстан сайтына сіл теме жасап.


"Жыл сайын ұлттық бірыңғай тестілеу басталған кезде алаяқтық фактілері жиілейді. Бізде де осыған қатысты мәліметтер бар. Кейбіреулер "ҰБТ-ның дұрыс жауап кодтарын сатамыз" деген ақпарат таратады. Оның бәрі жалған. ҰБТ-ның дұрыс жауаптары ешқашан сатылмаған және сатылмайды да. Өйткені бұл мемлекеттік құпияға жатады. Оның құпиялылығын білім және ғылым министрлігі, арнайы мемлекеттік органдар қадағалап отырады. Сондықтан алаяқтық жолға түспей, маңызды сынаққа өздеріңіз дайындалыңыздар деп кеңес береміз", - деді ҚР БҒМ "Ұлттық тестілеу орталығы" РМҚК директоры Рамазан Әлімқұлов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кетсек, биыл ҰБТ форматына өзгеріс енгізілген жоқ, тек оқушыларға сынақты ағылшын тілінде тапсыруға мүмкіндік беріліп отыр. Бүгінгі таңда 200-ге жуық түлек ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыруға ниет білдірген. Дегенмен бұл көрсеткіш әлі де өзгереді. Өтініш қабылдау мерзімі 10 мамырда аяқталады.

2 мамырдағы мәлімет бойынша 96 963 түлек ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. Бір қуантарлығы түлектердің 73 мыңы, яғни 80 проценті қазақ тілінде тапсырмақ. Ал барлығы республика бойынша 146 мың оқушы мектеп бітіреді.

Ұлттық бірыңғау тестілеу жылдағыдай 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді.

Баспасөз мәслихатында айтылғандай, 15 жыл ішінде 1 миллион 600 мың адам ҰБТ тапсырыпты.