Бурабайда жас ғалымдар халықаралық форумы өтуде

0
77

Жас ғалымдар инновациялық технологиялар, ғылымның дамуы, жас ғалымдарға жобаларын іске асыруға қалай көмектесуге болатыны жөнінде пікір алмасуда


Бурабайда жас ғалымдар халықаралық форумы өтуде

ERNUR.KZ. Бүгін Бурабай баурайында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қорының ұйымдастыруымен III халықаралық «Burabay Forum: Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығы» жас ғалымдар халықаралық форумы өтуде, деп жазады egemen.kz.

6 тамызда Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев орталығында ашылған форум жұмысына еліміздің, сонымен қатар Армения, Белоруссия, Венгрия, Қытай, Қырғызстан, Литва, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Украина және Францияның жас ғалымдары қатысып, инновациялық технологиялар, ғылымның дамуы, жас ғалымдарға жобаларын іске асыруға қалай көмектесуге болатыны жөнінде пікір алмасуда. Осы орайда Алматы қаласынан келген жас ғалым Нұрлан Оспанов өз пікірін таратып айтып берді.

– Осындай форумдар жас ғалымдарға пікір алмасуға зор мүмкіндік береді. Тек, Қазақстаннның ғана емес, шет елдердің де зерттеуші ғалымдарымен ой бөлісіп, ғылым саласындағы түйткілді мәселелерді, тың тақырыптарды талқылап жатырмыз. Ғылыммен айналысқаныма сегіз жыл болды. Қазіргі таңда Ұлы Дала Елі мен Шығыс елдері арасындағы ертедегі байланыстарды зерттеп жатырмын. Осы мақсатта Оңтүстік Корея мемлекетіне барып, корей тіліндегі біраз құнды деректерді өз зерттеу жұмысыма пайдаландым, - деді алматылық жас ғалым.

Ал, Армения мемлекетінен форумға арнайы келген жас ғалым Геворг Варданян шараны ұйымдастырған Елбасы Қорына зор ризашылығын жеткізді.

Елордадан бастау алған Бурабайдағы бас қосуда ғылымның әртүрлі бағыттары бойынша секциялық отырыстар және дискуссиялық алаңдар ұйымдастырылуда.

Шара модераторы – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов журналистерге берген сұхбатында бұл ауқымды жоба іске асырылғаннан бері үш жылдың ішінде Қазақстанның және жақын шетелдегі оқу орындарының арасындағы іскерлік қарым-қатынас кеңейгенін атап өтті. Іс-шараның аясында жас ғалымдардың әріптестігі бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге ықпал етуде.

Форум жұмысы «Жаңа функционалдық материалдар және технологиялар», «Қазақстан Еуразияның әлеуметтік-саяси және тарихи-мәдени кеңістігінде», «Маркетинг пен логистикадағы Digital-технологиялар: «XXI ғасырдағы агроөнеркәсіп кешені: ғылым және инновациялар», «Жүйелік медицина – медицинаның, денсаулық сақтаудың және әлеуметтік қамтамасыз етудің мультипликативтік дамуы» секцияларына бөлінген.

Сондай-ақ пленарлық отырыс, дөңгелек үстелдер, тренинг-әңгімелесу, форсайт-алаңдар, нетворкинг-сессиялар, «Менің табыс тарихым» уәждемелік кездесулер, интерактивтік семинарлар, ғылым және білімнің әртүрлі бағыттарының базалық трендтерін насихаттау бойынша тренингтер өтеді.

Форумның жұмысына Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, Білім және ғылым министрі Асхат Аймагамбетов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Әділет министрі Марат Бекетаев, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова қатысады деп күтілуде.

Форум жұмысы 9 тамызда аяқталып, резолюция қабылданады.


Айтар жаңалығыңыз, бөлісер оқиғаңыз болса, +77752327733 whatsapp нөміріне жіберіңіз

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет