​Бұзақылар Алматыдағы 7 қару дүкенінен 1347 мылтықты ұрлап кеткен

0
466

Қарақшылар бір мезгілде Алматыдағы жеті қару-жарақ қоймасын басып алып, барлығы 1347 қару, оның ішінде 501 винтовка, 807 тегіс ұңғылы және 39 газ-травматикалық қаруды қолды қылған.


​Бұзақылар Алматыдағы 7 қару дүкенінен 1347 мылтықты ұрлап кеткен

Бұзақылар Алматыдағы 7 қару дүкенінен 1347 мылтықты ұрлап кеткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Осы күнге дейін ұсталғандардан тек 127 қару қайтарылған. Одан бөлек 2 800 патрон, оқ-дәрілер мен арнайы құралдар тәркіленген.

Төтенше жағдай кезінде қала коменданты болып тағайындалған Қанат Таймерденовтың сөзінше, Полиция департаментіне лаңкестер 27 рет шабуыл жасаған. Бастапқыда жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар таяқпен, битамен және т.б. заттармен қаруланған, олар тастарды, бөтелкедегі бензинді пайдаланған. Кейін полиция қызметкерлері мен әскери училище курсанттарының арнайы құралдары мен нысанды киім-кешектерін тартып алған.

Қарақшылар бір мезгілде Алматыдағы жеті қару-жарақ қоймасын басып алып, барлығы 1347 қару, оның ішінде 501 винтовка, 807 тегіс ұңғылы және 39 газ-травматикалық қаруды қолды қылған. Бұнымен тоқтамаған бүлікшілер қару-жарақ пен әскери техниканы басып алу мақсатында Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне де шабуыл жасаған.

5-6 қаңтарға қараған түні бүлікшілер қалалық Полиция департаментін, Алмалы, Жетісу, Әуезов, Бостандық аудандық бөлімшелерін басып алуға қарулы әрекет жасады.

«Осыған байланысты шабуылдардан қорғану және тойтарыс беру, жауынгерлік қаруды ұрлауға жол бермеу үшін табельдік қаруды қолдана отырып, арнайы жоспар енгіздім. Мен полиция департаментінде болдым, біз ғимаратымызды басып алмақшы болған 27 әрекетті санадық. Бұл техника мен арнайы тактиканы қолдану арқылы нақты шабуылдар болды. Ал таран ретінде джиптер мен Камаздар қолданылды», - деді Қанат Таймерденов.

Ол шабуылдарды қару-жарақ пен ұрыс әдістерін меңгерген кәсіби дайындалған адамдар жасағанын атап өтті. Қазіргі уақытта қылмыскерлерден қаруды қайтару жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде 127 бірлік қару, 2800 түрлі калибрлі патрон, сондай-ақ басқа да оқ-дәрілер мен арнайы құралдар тәркіленген. Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.