Былтыр білім саласының қызметкерлері 7 млрд теңге жымқырған

0
343

35 қылмыстық іс тіркелген.


Былтыр білім саласының қызметкерлері 7 млрд теңге жымқырған

ERNUR.KZ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов былтыр білім саласында жасалған жемқорлық жайлы айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«2023 жылы білім саласында өңірдегі әкімшіліктермен, Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп сыртқы талдау жүргіздік. Талдау нәтижелері БАҚ арқылы жеткізілді. Соңғы жылдары мұғалімдерге, осы салада (білім – авт.) істейтін қызметкерлерге Президенттің Жолдауда берген тапсырмасына сәйкес бөлінген қаражаттың ұрлануына қатысты білім саласында істейтін есепшілердің қылмыстары анықталды», - деді Саян Ахметжанов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда әр саланың ақпараттық жүйесі бір-бірімен интеграцияланбаған.

«Сол себепті есепшінің өз шешімімен мұғалімге, тіпті сол мекемеде істемейтін азаматқа қаражат бөлінген. Оны анықтадық. Осындай мәселе бойынша 35 қылмыстық іс қозғалды. Қазір қылмыстық істер тергеліп жатыр», - деп атап өтті Ахметжанов.

Ахметжанов атағандай, қазір сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол Талдықорған қаласындағы фактіні мысалға келтірді.

«2,5 жыл бойы қылмыстық желі жұмыс істеді. Оның құрамына білім бөлімінің басшысы мен екі бухгалтері, сондай-ақ 13 мектеп бухгалтері кірді. Барлық рөлі бөлінді. Бухгалтер жалақы қорынан бюджет қаражатын ұрлағанда қаланың білім бөлімі басшысы пара алып, көз жұмып отырды. Ұсталған кезде білім бөлімінің басшысынан 1 млрд теңге тәркіленді. Тергеу аясында мемлекетке 4,4 млрд теңге шығын келтірілгені расталды», - деп мәлімет берді Антикор басшысының орынбасары Мәжілісте.

Күдіктілердің 2,9 млрд теңге тұратын мүлкіне тыйым салынды.

Спикердің айтуынша, мұндай қылмыстар басқа да өңірлерде анықталып жатыр. Әсіресе, Алматы мен Шымкент қалалары, Қызылорда, Ақтөбе және басқа да облыстарда осындай қылмыстық схемалар анықталған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Саян Ахметжановтың айтуынша, 35 қылмыстық іс мемлекетке 7 млрд теңге сомасында залал келтірген.