CҚО-ның жас ғалымы 50 млн астам теңге грант жеңіп алды

0
2 376

Жас ғалым байқауға «Әмбебап алгебра және торлар теориясы» жобасын ұсынды.


CҚО-ның жас ғалымы 50 млн астам теңге грант жеңіп алды

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында жас ғалым Светлана Луцак әмбебап алгебра және тор теориясы саласындағы күрделі зерттеулерге ҚР Білім және ғылым министрлігінің грантын жеңіп алды, деп жазады ҚазАқпарат.

Светлана Луцак - Kozybayev University-дің «Математика және информатика» кафедрасының доценті, PhD докторы. Жас ғалымның жобасы ҚР БҒМ өткізген 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға арналған байқауда жеңіске жетті. Осылайша 50 648 800 теңге грант жеңіп алды.

Байқауға Қазақстанның жетекші университеттерінің, зерттеу орталықтары мен институттарының ғалымдары өтінім берді. Алайда жобалардың барлығы мақұлданған жоқ. Байқаудан өту үшін ғылыми зерттеулердің өзектілігін растап, практикалық маңыздылығын негіздеу қажет болды.

Светлана Луцак бұл байқауға «Әмбебап алгебра және торлар теориясы» жобасын ұсынды.


«Байқау маусымның соңында жарияланды, мен тамызда өтінім бердім. Жарты жыл шешімін күттім. Менің жобам әмбебап алгебра және тор теориясы саласы бойынша зерттеулерді жалғастыруға мүмкіндік береді.

Бұл мәселе бұрыннан көтеріліп және квазиторларды зерттеу бірнеше ондаған жылдар бойы бірқатар - Қырғызстан, Польша, Ресей, АҚШ-та қарқынды жүргізілгеніне қарамастан, оны шешудің тиімді тәсілдері әлі күнге дейін табылған жоқ. Осы жоба шеңберінде алынған нәтижелер модельдер теориясы, есептеу теориясы, дискретті математика, сонымен қатар информатика және биология сияқты салаларда қолданылады», - дейді Светлана Луцак.


Жас ғалым осы саладағы зерттеулермен 2017 жылдан бастап айналысып келеді. Берілген грантты ол енді үш жылда игеруі қажет.


«Бұл жеңіс маған үлкен жауапкершілікті жүктейді. Алда орасан еңбек тұр. Жалпы бұл жобаның Қазақстанда теңдесі жоқ, ол – бірегей, әмбебап алгебрамен байланысты. Қаражат іс-сапарларға, тәжірибе жинау үшін қажет түрлі конференциялар мен конгрестерге қатысуға, ғылыми мақалалар жазып, оны елде, шетелдерде басып шығаруға және қажетті қондырғы алуға жұмсалады», - дейді PhD докторы Светлана Луцак.