Damumed-ке жалған деректі ең көп тіркеген өңірлер белгілі болды

0
748

Қосымшадағы жазбаларды тексеріп жатқан қазақстандықтар тіпті, кішкентай балаларының өзі сан түрлі дәрігерге "қаралып" үлгергенін көріп, аң-таң болуда.


Damumed-ке жалған деректі ең көп тіркеген өңірлер белгілі болды

Damumed жүйесіндегі жалған тіркеуді көп жасап, пайда көрген аймақтар белгілі болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Азаматтардың жеке мәліметін пайдаланып, ойларына келгенін істегендердің дені Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматыдан екен. Қосымшадағы жазбаларды тексеріп жатқан қазақстандықтар тіпті, кішкентай балаларының өзі сан түрлі дәрігерге "қаралып" үлгергенін көріп, аң-таң болуда. Сонымен талан-таражға түскен 75 миллион теңгені кім қайтарады?

Осыған дейін де сан мәрте сыннан арылмаған медицина саласы тағы да дауға қалды. Damumed ақпараттық жүйесінің айналасындағы шу күннен-күнге күрмеліп жатыр. Жұрт індетпен арпалысып, бір жұтым ауаға зар болып отырғанда, шімірікпей алаяқтыққа барғандардың дені Маңғыстау облысынан екені белгілі болды.

"Ең жоғары көрсеткіш Маңғыстау облысы, Солтүстік Қазақстан, Алматы және басқа да өңірлерде. Қандай медициналық ұйымның ең көп қабылдау жасағанын кейін айтып бере аламын. Не болса да, мұның пайдасын көріп отырған адамды іздеу керек. Денсаулық сақтау министрлігінде мұқият қызметтік тергеу, құқықтық сараптама жүргізілуде. Мәселе азаматтардың қауіпсіздігі мен өміріне қатысты болып отыр", – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.

Енді қазақстандықтар жаппай Damumed қосымшасына кіріп, өзінің жалған қабылдауда болған-болмағанын тексеріп жатыр. Желі қолданушысы Сара Бәкірова өзінің мүлде танымайтын адаммен некеде екенін анықтаса, Сергей Алабугин бірнеше рет әйелдер дәрігерінің қабылдауында болғанын көріп, аң-таң. Ал кейбірінің осыған дейінгі шағымдарын ескеріпті.

"Мен де ұялы телефонымдағы Damumed қосымшасына кіріп көріп едім, 27 маусым күні мен де дәрігердің қабылдауында болыппын. Бірақ, ол күні мен Нұр-Сұлтан қаласында емес, мүлдем басқа облыста болған едім. Бұрынғы шағымдарым бойынша қабылдау жүргізген екен. Кейбіріне тіпті басқа диагноз да қойып жатыр екен. Ондай жағдайда қате ем жүргізіп адамның денсаулығына нұқсан келтіруі мүмкін ғой" - дейді Назгүл Омарова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны.

Денсаулық сақтау министрлігі де бұл былыққа кінәлілердің қап-қап қылмыстық жауапкершілік арқалайтынын айтады. Сондақ-ақ, дәрігер мен емхананың әрбір қараған науқас үшін белгілі бір пайызда ақша алып отыратынын жоққа шығармады.

"Кез-келген дәрігер науқасты қабылдаған кезде, егер де науқас қорда сақтандырылған болса, оның тікелей бір пайдасын көреді деп айтуға да болады. Бірақ бір жағынан, медициналық көмек көрсететін орталықтың құзырындағы, яғни сол орталыққа түсетін пайда көбірек пе деп ойлаймыз. Осы сұраққа тағы да қосымша жауап береміз", – дейді деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.

Өкінішке қарай, ресми өкілдің жауабы мен қалалық емхана қызметкерлерінің сөзі бір жерден шыққан жоқ.

"Әрбір науқас үшін 1000 теңге бөлінеді делік. Ол осы мың теңгеге емханаға 100 рет келе алады. Тіпті мүлде келмеуіне де болады. Біздің жалақымыз тұрақты. Барлығында бірдей. Қабылдауға байланысты үстеме деген болмайды"- дейді Анна Шевченко, бас дәрігердің емдеу жұмыстары жөніндегі орынбасары.

Айтпақшы, Damumed ақпараттық жүйесін ойлап тапқандарың шындығы басқа. Аталған ұйым ақпан айында жүйеде олқылықтардың барын айтып, сол кездегі Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олжас Әбішовке хат жолдаған көрінеді. Ал жуырда ғана ұсталып, қамауға алынған экс вице-министр ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікпен тергелуде.

"Мұндай жағдайлар бұрын да болған. Енді ғана резонанс тудырды. Әртүрлі жауапты органдарға хабарластық. Министрлікті қоса алғанда. Міндетті медициналық сақтандыру қорының сарапшылары бізден жүйеге енуге рұқсат сұрады. Қазір тексеріс жүруде. Сіз бен біздің көріп отырғанымыз біздегі цифрландырудың шынайы бет-бейнесі" - дейді Наталья Киль, "Даму" ақпараттық орталығының бас директоры.

Осылайша, Damumed төңірегіндегі түйіннің әзір шешілер түрі жоқ. Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев жағдайды бақылауға алып, Damumed қосымшасындағы жалған жазбалар фактісін тексеруге кірісті. Бас прокуратура да 28 тамызға дейін 76 миллион шығынның кімге тиімді болғанын анықтаймыз деп отыр.