Дәретхана жумағаны үшін азаптаған: ІІМ Атбасар колониясындағы оқиғаға пікір білдірді

0
900

Ведомство аталған оқиға бойынша тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.


Дәретхана жумағаны үшін азаптаған: ІІМ Атбасар колониясындағы оқиғаға пікір білдірді

ERNUR.KZ. ҚР Ішкі істер министрлігі Ақмола облысының колониясындағы сотталушыны азаптау дерегіне қатыстты тергеу жұмысы жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Әлеуметтік желіде әскери киім киген жеті адамның түрмедегі сотталушыны дәретхана жуудан бас тартқаны үшін жабыла соққыға жығып, азаптау әдістерін қолданған видеосы тараған болатын.

ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті желіде тарап кеткен видеодағы оқиғаның заңды талаптарға бағынбау кезінде болғанын айтты.

«Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбалар бойынша Ақмола облысы ҚАЖД мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарға бағынбау фактілерінің жолын арнайы құралдарды қолдана отырып кесуі кезінде қызметкерлердің қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану белгілері байқалатынын хабарлаймыз.
Қазіргі кезде осы факт бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр», - делінген ведомство хабарламасында.

Комитет өкілдері тергеу нәтижелері бойынша тиісті шешім қабылданатынын айтты.

Айта кетерлігі, атышулы видеоны желідегі парақшасында жариялаған журналист Вадим Курамшин оқиғаның Атбасар қаласындағы қатаң режимдегі колонияда түсірілгенін, бір кездері өзінің де аталған мекемеде 1 тәулік бойы азапталғанын мәлім етті.