«Дәрігер шағымымды печенье жеп отырып тыңдады»: Жүкті келіншек емхана үстінен шағымданды

0
2 064

Нұр-Сұлтан тұрғыны жүкті әйелдерге атүсті қарайтын №9 емхана дәрігерлеріне деген өкпесін айтты.


«Дәрігер шағымымды печенье жеп отырып тыңдады»: Жүкті келіншек емхана үстінен шағымданды

ERNUR.KZ. Құралай Ералханқызы тұрғылықты мекен-жайы бойынша тамыз айынан бастап Нұр-Сұлтан қаласындағы №9 поликлиникаға тіркелген. Айы-күні жақындап отырған кейіпкер дәрігерлер тарапынан жүкті келіншектер мен тегін қаралатын науқастарға деген қарым-қатынасқа көңілі толмайтынын айтып, шағымданды, деп жазады Azattyq Rýhy.

«БІР РЕТТІК ТӨСЕМЕ МЕН СҮЛГІ ДЕ ТЕГІН БЕРІЛМЕЙДІ»

Құралай екі күн бұрын ғана №2 қалалық перзентханаға мерзімінен бұрын босану қаупімен жедел жәрдем арқылы шұғыл жағдайда түскен. Айтуынша, перзентханада ешқандай да әлеуметтік ара-қашықтық сақталып жатқан жоқ.

«13 қаңтарда денсаулығым сыр берген соң, жедел жәрдем шақырдым. Мерзімінен бұрын босану қаупі бар деп дәрігерлер Нұр-Сұлтандағы №2 перзентханаға алып кетті. Жедел жәрдем дәрігері: «Өзіңізбен емхана ішінде киетін аяқ киім және амбулаторлық картаңызды ғана алыңыз» деді. Перзентханаға барған соң гинеколог мені жедел УДЗ-ға жіберді. УДЗ кабинетінде ультрадыбысты диагностика дәрігері мен медбике отыр екен. Науқас жатуы тиіс төсекте төсеме жоқ. Төсемені өздері беретін шығар деп күтіп едім, дәрігер жатуымды сұрады. Ештеңе төселмеген төсекке киімсіз жатқан ыңғайсыздау болса да, келістім. Тексеріп жатқан кезде «Суы аз сияқты, не істейміз, мында жазамыз ба?» деп екіншісінен сұрады. Ол «жаза салшы» деді. Бұған дейін неше рет УДЗ-дан өттім, ешкім су аз екенін айтпаған. Мүмкін бұған дейін байқамаған болар деп тағы мән бермеуге тырыстым. Тексеріс кезінде денеме жағылған гельді сүрту үшін сүлгі сұрадым. Сонда әлгі жердегі мебдике жұлқынып: «Келесі жолы өзіңізбен бірге алып жүріңіз» деп суырмасынан бір реттік қағаз сүлгіні берді. Біреулер үшін бұл мән беруге тұрмайтындай жағдай болып көрінетін болар. Бірақ толғақ қысқан келіншек сүлгісі мен төсемесін көтеріп жүретіндей күйде емес қой. Былайғы күндері болса жарайды. Ол мемлекеттік емхана. УДЗ бөлмелері үшін бір реттік төсеме мен сүлгіге қаражат бөлінбейтіні мені таңғалдырды. Оған дейін де сол №2 перзентханаға УДЗ-дан өтуге барып: «Сәбидің барлық мүшесі орнында ма?» деп сұрағанымда: «Маған несіне қарайсыз, экранға қараңыз да, біліп алыңыз» деген жауап естігенмін», - деді Құралай.

«ДАУ ШЫҒАРСАҢ ҒАНА КЕЗЕК АЛҒА ЖЫЛЖИДЫ»

Тұрғынның айтуынша, дәрігерлер тіркеу арқылы баратын науқастарға дұрыс көңіл бөлмей, дөрекі сөйлейді.

«Мен тұрғылықты мекен-жайым бойынша №9 қалалық клиникаға қараймын. Осы клиникадағылардың науқасты өздері шақырған уақытта қабылдағанын көрген емеспін. Мысалы, мені сағат 9:30-ға шақырса, кемі бір сағат кезекте отырып, дәрігерге сағат 11-ге таман әрең кіремін. Сонда бізді дәрігер ары кетсе 15 минут тексереді де, картаңды алып «есіктің сыртында күт, келесі кіре бер» дейді. Одан кейін медбике картаңды толтырғанша тағы екі сағат отырасың. Әлеуметтік арақашықтық мүлдем сақталмайды. Кілең жүкті келіншектер қаз-қатар картамызды күтіп, кезек күтіп 4-5 сағаттап отырамыз. Картаңды сұрап, асығып тұрғаныңды айтсаң: «База жұмыс істемей жатыр» дей салады. Жүкті келіншектер анализ тапсыру үшін ештеңе ішпей барамыз. Таңертең 8-де кіріп, ерте дегенде сағат 12-де шығамыз. Клиникадан әр шыққан сайын дірілдеп-қалтырап, жүйкем жұқарады. Қазір күйеуім менімен бірге емханаға барудан қашады. Себебі әр барған сайын дәрменсіздігіме ашуланып, кейде жылап шығамын. Арасында айқайлап, ұрсысқанымызда кезек алға жылжып, картамызды тезірек толтырып, база жұмыс істеп кетеді. Оның өзінде 10 әйелдің біреуі ғана айқайлайды», - деді ол.

«ТҮСКЕН ДЕЙІН ТЕГІН ҚАБЫЛДАУЫ ТИІС ДӘРІГЕР, ТҮСТЕН КЕЙІН АҚЫЛЫ ТҮРДЕ ҚАБЫЛДАЙДЫ»

Сондай-ақ, ол 9 ай бойы гематологқа кіре алмаған. Бір қызығы, №9 емхана жолдама берген жердің гематологы түске дейін науқастарды тегін қабылдай алмайтынын айтып, түстен кейін ақылы түрде жұмыс істейтін жекеменшік Invivo клиникаға жазылуға кеңес береді екен. Осылайша, Құралай 9 ай бойы жолдама бойынша гематологқа кіре алмағанын айтады.

«Аурухананың «Қолдау қызметіне» шағымданып отырып, екі ай дегенде эндокринологқа кірдім. Ал сол жерде түске дейін тегін қабылдауы тиіс гематологқа 9 ай бойы науқас саны толық деген себеппен кіре алмадым. Бірақ, сол гематолог түстен кейін ақылы түрде жұмыс істейтін Invivo-ға 5500 теңгеңді төлеп, кез-келген уақытта баруыңа болады. Сонда ол тегін қабылдауы тиіс жерде «орын жоқ» деп қабылдамайды. Ал бізге уақыт жоғалтпай тексерілуі керек екенін айтып, ақылы емханаларын ұсынады. Амалдың жоқтығынан сонда жазыламыз. Қайта кірсең де, дәрігердің қызмет құны 5500 теңге. Мен ақша үшін ренжіп тұрғаным жоқ, дәрігерлердің ақылы қызметін бізге осылндай жолмен ұсынатынына таңмын. Тегін жерде ол маманға кіруге де орын жоқ, ақылы түрде барсаң орын табылады», - деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.

Журналистерге шағымданғанға дейін Құралай поликлиниканың «Қолдау көрсету қызметіне», гинекология бөлімінің бас маманына да кірген. Бірақ дәрігер науқастың шағымына құлақ аспаған.

«Келесі жүктілік кезінде мүмкіндік болса жеке клиника дәрігерлеріне қаралғым келеді. Дәрігерлердің бізді баладай көретіні шаршатты. Кірсең «отыр, тұр, жат, бар» деп зіркілдеп, әркім өзінше жұлқынып бастық болады. Шағымымды айтып гинекология бөлімінің бас дәрігеріне кірдім. Аты-жөні есімде жоқ, жап-жас маман екен. Алдындағы печеньесін жеп отырып, шағымымды дұрыс тыңдаған да жоқ. Мұндай жағдай жүкті келіншектердің әрбірінің басында бар. Бір байқағаным, біздің қыз-келіншектер де, дәрігерлер де науқаспен осындай қарым-қатынасты қалыпты жағдай ретінде қабылдап кеткен. Ешкім ештеңе өзгерткісі келмейді», - деді Құралай Ералханқызы.
Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет