Дәрігерлер еңбегі, мұнайшылар жалақысы, экология: Бауыржан Байбек Атырау облысы мәселелерімен танысты

0
1 112

Nur Otan партиясы төрағасының Бірінші орынбасарының Атырау өңіріндегі екі күндік сапары аяқталды.


Дәрігерлер еңбегі, мұнайшылар жалақысы, экология: Бауыржан Байбек Атырау облысы мәселелерімен танысты

ERNUR.KZ. «Nur Otan» партиясы төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің еліміздің мұнайлы астанасына жасаған жұмыс сапарының екінші күні Атырау қаласында жалғасып, партияның облыстық филиалы мен бастауыш ұйымдары өкілдерімен, өңірдің зиялы тұлғаларымен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен және облыстың жастар ұйымдарымен болған кездесулердегі келелі әңгімелермен жалғасты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Бауыржан Байбек бұл күнгі шараларды саяси ұйымның Атырау облыстық ауруханасындағы «Ынтымақ» бастауыш ұйымы мүшелерімен кездесуден бастады. Оған Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов те қатысты.

Дәрігерлер қауымымен еркін пікір алысуға жол ашқан партия төрағасының Бірінші орынбасары өз сөзінде партия мүшелерінің елеулі бөлігін әлеуметтік сала қызметкерлері құрайтынын атап өтіп, қарапайым дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, дәрігерлердің еңбегін орынды бағалау жайына егжей-тегжейлі тоқталды.

«Біз дәрігерлер еңбегін, осы саладағы жасалып жатқан жұмыстарды халыққа насихаттап түсіндіруіміз қажет. Адам ауырып қалса кімге барады? Дәрігерге барады. Адам білім жинау үшін кімге барады? Ұстазға барады. Сондықтан ең маңызды мамандықтар осы. Дәрігерлер челленджін бастаған кезде азаматтар өз өмірінде дәрігерлерге байланысты орын алған жағымды оқиғаларды таратса деген ойым бар. Осынау маңызды мамандық иелерін қорғап, қолдауымыз қажет», - деді Б. Байбек.

Дәрігерлер қауымымен кездесуде өңірдегі өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады. Солардың қатарында нәрестелер өлім-жітімінің артуы да аталды. Бұл тұрғыдан облыс елімізде үшінші орында тұр екен. Бауыржан Байбек бұл күрделі мәселені жергілікті билік орындарымен бірлесе отырып, оңалту мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігін айтты.

Кездесуде дәрігерлер де тосылмай, өз ұсыныстары мен ойларын ортаға салды. Солардың қатарында жас дәрігерлердің тұрғын үймен қамтамасыз ету, дәрігерлерге педагогтар секілді ерекше мәртебе беру жайын қарастыру жайы сөз болды. Бауыржан Байбек бұл ретте мемлекет қолдауынан бөлек, әрбір азамат өз мүмкіндігін де шамалап, өзінше әрекет етуі қажеттігін алға тартты.

«Жас Отау» бағдарламасы бойынша өткен жылы 310 жасқа арнайы 110 пәтер берілді. Ол - облыстық деңгейдегі бағдарлама. Талантты жастардың арасында әр сала бойынша іріктеледі.

Сапарын ары қарай жалғастырған Бауыржан Байбек өңірдің зиялыларына арнайы ат басын бұрды. Келелі бас қосуда өңір руханиятына, мәдениетіне, дін мен тілге қатысты өзекті мәселелер қозғалып, жан-жақты талқыланды. Өз сөзінде Бауыржан Байбек партияның мақсаты мен міндеттеріне, мәдениетті, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында қолға алған шараларына кеңінен тоқталды.

«Біздің партияның бірінші міндеті - халықтың мұңын мұңдап, сөзін айтып, халықтың пікірін билікке жеткізу. Билік тарапынан көп нәрсе жасалып жатыр. Бірақ кейбір кезде бұл жасалған жұмыстар халыққа дұрыс насихаттала бермейді. Сондықтан барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, атқарып жатқан жұмыстарды халыққа қарапайым тілмен жеткізу керек. Ол - партияның екінші міндеті. Үшінші міндеті, әрине, біз нақты істердің партиясымыз. Сондықтан біз негізсіз нәрселерді ешқашан көтермейміз. Қазіргі кезде әкімдермен бірлесіп әрбір өңірде партияның бағдарламасын талқылап жатырмыз», - деді Бауыржан Байбек.

Басқосуда Жазушылар одағының Атырау облыстық филиалының төрағасы Қ. Жылқышиев мәдениет саласы бойынша мемлекеттік қызметке орналасатын жандардың мамандығы мәдениет саласынан болу керек деген талапты тиісті ережеге енгізу, ауылдық клубтар жұмысын жандандыру мәселесін көтерсе, мұнай саласының ардагері Мақсым Ізбасов жергілікті мұнайшылардың жалақысын шетелдіктермен теңестіру, өңірдегі экология мәселесін оңалту, Жайық өзені деңгейінің жылдан-жылға азаю мәселелерін ортаға салды. Ал Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесінің хатшысы, партия ардагері Б. Тыныбаева Атырау облысындағы апатты және үш ауысымды мектептер, балабақшаның жетіспеушілігі мәселелерін тілге тиек етті.

Өңір зиялыларының пікірлерін ден қоя тыңдаған Бауыржан Байбек мәдениетке қатысты көтерілген мәселелердің партия жанындағы «Мирас» кеңесінде қаралатынын, отандық мұнайшылар жалақысындағы теңсіздіктерге байланысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдік жұмыс берушілер тарапынан біздің азаматтарымызды кемсітуге жол бермеу туралы мәселе көтергенін, сол сияқты қоршаған ортаны сақтау мәселесінде де Мемлекет басшысының шикізат энергия секторының жұмысында экологияға зиянды болдырмау керектігін тапсырғанын айтты.

«Экология мәселесі бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Бұл аталған мәселенің халықты ерекше толғандырып отырғанын көрсетеді. Өйткені экология бәріне қатысты. Бәріміз де бір ауаны жұтамыз. Бұл мәселе аймақтың алдағы даму бағдарламасына міндетті түрде енгізілуі керек», - деп атап көрсетті Бауыржан Байбек.

Білім, ұрпақ тәрбиесі партияның ерекше назар аударатын салалары екендігіне тоқталған партия төрағасының Бірінші орынбасары облыстағы үш ауысымды және апаттық мектептерді жою үшін бес жылға арналған Іс-шаралар жоспары әзірленгенін, айтылған екі ұсыныс та жақын арадағы бесжылдықта өз шешімдерін табатынын жеткізді.

Өңірдің қоғамдық пікір көшбасшыларымен, блогерлермен және БАҚ өкілдерімен кездесуде Бауыржан Байбек қазіргі таңда жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, коммуникациялардың заманауи технологияларын пайдалану арқылы халықпен диалог орнатудың маңыздылығына, партия тарапынан алғаш қолға алынғалы отырған праймериз өткізу тәртібіне тоқталды.

Сапар кестесінің тығыздығына қарамастан, «Nur Otan» партиясы төрағасының Бірінші орынбасары Атырау жастарымен де кездесуге уақыт тапты.

«Қазіргі кезде «Жастар – Отанға» бағдарламасын әзірлеу қарастырылуда. Біз мұны әр ауданда талқылап, ұсыныстар жинақтап жатырмыз. Ол жастар үшін өзекті төрт мәселені қарастырады. Бірінші - сапалы білім. Сапалы білімсіз ештеңе болмайды. Екінші - жұмыс. Білімді болған соң, уақытша емес, тұрақты, сапалы жұмыс болу керек. Үшінші - пәтер. Пәтер мәселесін шешуге біз ықпал етеміз. Төртінші - жастардың бос уақыты. Міне, осы бағдарламаны әзірлеуге белсенді атсалысыңыздар», - деді Бауыржан Байбек.

Атырау өңіріне жасалған екі күндік сапардың соңына қарай «Nur Otan» партиясы төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің қатысуымен Атырау облыстық филиалының кезектен тыс конференциясы өтті. Конференцияда партия лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың келісімімен «Nur Otan» партиясының Атырау облыстық филиалына осы облыстың жуырда тағайындалған жаңа әкімі Махамбет Досмұхамбетов төраға болып сайланды.

Өңірге жасаған екі күндік сапарда Бауыржан Байбек еліміздің мұнайлы өңірін аралап, шалғай аудандарға дейін барып, қарапайым тұрғындармен тікелей кездесу арқылы аймақ халқының тұрмыс-тіршілігімен кеңінен танысты. Жұртшылықты толғандырып жүрген мәселелерді анықтады. Жергілікті атқарушы органдармен бірге олардың шешімін қарастырды. Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған саяси ұйымның өңірлерге сапарлары ары қарай жалғасып, әрбір аймаққа тән мәселелер мен ерекшеліктер есепке алынып, аумақтық бағдарламаларда көрініс таппақ.