Дәрігерлер кеңесін тегін алуға болатын онлайн платформа іске қосылды

0
879

«Медициналық мекемелердің көпшілігі қазір карантинде.


Дәрігерлер кеңесін тегін алуға болатын онлайн платформа іске қосылды

ERNUR.KZ. Ел азаматтарына қауіпсіз әрі қашықтықтан білікті медициналық көмек беру үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш индустриясы министрлігі iDoctor.kz сайтының негізінде телемедицина платформасын жасады, деп жазады inbusiness.kz.

Президенттің цифрландыру және инновациялық технологиялар жөніндегі кеңесшісі Бағдат Мусиннің айтуынша, ІТ мамандары 6 айда жасайтын күрделі жұмысты бір ай ішінде аяқтаған.

«Медициналық мекемелердің көпшілігі қазір карантинде. Тек коронавируспен науқастанғандар ғана емес, басқа да сырқат адамдар қазір қиындық көріп жүр. Сол себепті, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл түрде телемедицина элементтерін енгізуді, яғни азаматтардың үйде отырып дәрігермен бейне байланыс жасап, файл алмасып, тағайындалған емге қол жеткізуі үшін қашықтықтан медициналық кеңестер беруді ұйымдастыруды тапсырды. Әрине, кейбір клиникалар мен дәрігерлер қашықтықтан медициналық кеңестерді телефон, WhatsApp және басқа да месенджерлерді қолдана отырып тағайындауда. Оған тыйым салынбаған. Алайда, осы кеңестердің сапасын жақсарту үшін біз отандық IT-компанияларға жүгінген едік. ChocoFamily компаниясы бұл мәселені шешуге бюджеттен қосымша қаражат алмай көмектесуге келісті. Әдетте жарты жылға дейін созылатын күрделі интеграциялар бір ай ішінде жүргізілді», – деді Президент кеңесшісі.

iDoctor.kz қызметін ұйымдастырушыларының сөзінше, жоба қазір пилоттық режимде еліміздің ең ірі үш қаласындағы үш емханада бастаған. Ал алдағы екі аптада бұл қызмет республика бойынша барлық емханаларда қол жетімді болмақ.