Денсаулық министрі менингит жұқтырған балаға қатысты мәлімет берді

0
1 542

"Қарағандыда болған жағдаймен халықты алаңдатудың қажеті жоқ" - дейді Бекшин мырза


Денсаулық министрі  менингит жұқтырған балаға қатысты мәлімет берді

ERNUR.KZ. Бала менингиттің ең жеңіл түрін жұқтырған. Сол себепті бұл жағдайды айта беріп қоғамды алаңдатудың еш қажеті жоқ. Бұл туралы Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин №9 қалалық емханада өткен брифинг барысында мәлімдеді, деп жазады Sputnik.

Күні кеше Қарағанды қаласында 6-сынып оқушысының менингит жұқтырғаны белгілі болды. Сабақта дене қызуы көтеріліп, басы айналған. Жағдайы бір қалыпқа келмеген соң ол жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Комитет төрағасы баланың жағдайына қатысты пікір білдіріп, еш алаңдаудың қажеті жоқ екенін айтып өтті.

"Жалпы менингиттің үш түрі бар. Олар — былтыр Алматы және Алматы облысында кеңінен таралған менингококк, серозды менингит және менингиттің іріңдеген түрі. Осылардың ішінде жеңіл түрі — екіншісі. Яғни бала осы түрін жұқтырған. Оның өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ. Қазіргі таңда эпидемиологиялық шаралар жүргізіліп жатыр. Сол себепті Қарағандыда болған жағдаймен халықты алаңдатудың қажеті жоқ", — деді ол.

Сондай-ақ, Жандарбек Бекшин дәл қазір республика аумағында вакцина салу шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Алайда ол белгілі бір адамдар тобына ғана тегін салынбақ. Қалғандары оны 1 600 теңгеден бастап 3 500 теңгеге дейінгі бағада сатып алады.