Депутат 12 желтоқсанды “Алаш күні” деп жариялауды ұсынды

0
546

Алаш республикасының 105 жылдық мерейтойын тек алаштанушылар мен “Ақжол” партиясы ғана атап өткен.


Депутат 12 желтоқсанды “Алаш күні” деп жариялауды ұсынды

ERNUR.KZ. Парламент Мәжілістің жалпы отырысында депутат Берік Дүйсенбинов 12 желтоқсанды “Алаш күні” деп жариялауды ұсынды, деп жазады stan.kz.

ҚР Парламенті Мәжілістің жалпы отырысында депутат Берік Дүйсенбинов 12 желтоқсанды “Алаш күні” деп жариялауды ұсынып, Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады.

“Ыдырып кеткен қазақ мемлекетін қайта жаңғыртуда, бүгінгі тәуелсіздіктің негізін қалауда ХХ ғасырдың басында заманауи қазақ мемлекетін құруға ұмтылыс жасап, білімі мен қажыр-қайратын салып, осы жолда шаһид болған ұлт көсемдерінің Алаш республикасы арыстарының рөлін ерекше атап өтуіміз қажет. Биыл Алаш республикасының құрылғанына 105 жыл толды. Естеріңізге сала кетейін, 29 маусымда “Ақжол” фракциясы бұл датаны мемлекеттік деңгейде атап өтуді талап еткен депутаттық сауал жолдаған болатын. Алайда үкімет бұл мәселені өкілетті министрліктерге тапсырғаны туралы жауап берді. Өкінішке орай бұл тарихи дата тағы да атаусыз қалды”, - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов.

Депутаттың сөзінше, Алаш республикасының 105 жылдық мерейтойын тек алаштанушылар мен “Ақжол” партиясы ғана атап өткен.

“Бүгінде тарихи әділдікті орнататын күн жетті деп санаймыз. Тарих тағылымын ұрпаққа насихаттау мақсатында “Ақжол” фракциясы алаштанушы ғалымдардың бастамасын қолдай отырып, тәуелсіздік күні қарсаңындағы 12 желтоқсанды тарихи құжаттармен дәлелденген Алаш республикасының құрылған күні ретінде “Алаш күні” деп ресми белгілеуді және жыл сайын мемлекеттік деңгейде атап өтуді сұраймыз”, - деді Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Берік Дүйсенбинов.