Депутат журналистика бойынша оқу гранттарын көбейтуді ұсынды

0
1 245

Депутат біріншіден болашақ журналистерді даярлайтын негізгі оқу орындары болып саналатын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультеттерінің әлеуеттерін барынша тиімді пайдалану қажет екенін баса айтты.


Депутат журналистика бойынша оқу гранттарын көбейтуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман ЖОО-лардағы журналистика мамандығы бойынша білім беру гранттарын көбейтуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутаттық сауалды мәжілісмен Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаевтың атына жолдады. «Қазіргі уақытта жоғары білікті журналистердің жетіспейтіндігі анық сезіліп отыр. Кейінгі кезде кейбір отандық теле және радиоарналардың бағдарламаларының сапасы көпшіліктің көңілінен шықпай, өткір сынға алынып жүргені де соның айғағы. Мемлекет басшысы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда БАҚ маңызды рөл атқаратынын ескере отырып, журналистік кадрлардың саны мен сапасын арттыру мәселесін күн тәртібіне шығаратын кез жетті деп санаймыз», - деді ол.

Депутат біріншіден болашақ журналистерді даярлайтын негізгі оқу орындары болып саналатын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультеттерінің әлеуеттерін барынша тиімді пайдалану қажет екенін баса айтты. «Аталған факультеттер еліміздегі «Рухани жаңғыру» қозғалысының алдыңғы шебінен көрінетін қоғамдық пікір көшбасшыларын даярлайтын, бір кездегідей беделі өте жоғары, элиталық деңгейдегі журналистік кадрлар ұстаханаларына айналса, артық болмас еді. Олар ең алдымен мемлекеттік БАҚ-қа, мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтеріне қажетті жоғары білікті маман кадрлар даярлауға мамандандырылғаны жөн деп білеміз. Осыған орай, аталған университеттерге журналистика мамандығы бойынша мемлекеттік білім беру гранттарын мақсатты түрде қарастыру қажет», - деді ол. Мәжілісменнің айтуынша, екіншіден, бүгінгі күні Бірыңғай электронды еңбек биржасы арқылы бос тұрған 133 журналистік қызмет орыны ұсынылып отыр. «Шын мәнінде, білікті журналистерге сұраныс одан да көп екендігі анық. Сондықтан, журналистика мамандығы бойынша бөлінетін мемлекеттік білім беру гранттарының санын жылдан жылға азайтылу үрдісімен келісу қиын. Осыған байланысты, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі республикадағы БАҚ және мемлекеттік органдарының баспасөз қызметінің білікті журналистік кадрларына сұраныстарды нақты зерттеп, журналистика мамандығына бөлінетін гранттардың санын көбейтуге ұсыныс әзірлегені жөн деп ойлаймыз. Үшіншіден, қазіргі ЖОО бітірген жас журналистер ауылдық жерлерде жұмысқа барғысы келмей, көпшілігі қалаларда қалады. Сондықтан, аудандық газеттерде еңбек етуге даяр жастарды «Дипломмен ауылға» әлеуметтік бағдарламасына енгізуді ұсынамыз», - деп түйді Кәрібай Мұсырман.