Димаш Құдайберген Америкадағы «The World's Вest» байқауына қалай шақырылды

0
1 555

Шоуға қатысу туралы хат Димашқа былтыр келген.


Димаш Құдайберген Америкадағы «The World's Вest» байқауына қалай шақырылды

ERNUR.KZ. Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев ұлының Америкадағы әйгілі «The World's Вest» байқауына қалай шақырылғанын айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Америкада осы шоуды ұйымдастырып отырған телеарна жер-жердегі талантты адамдарға ұсыныстар жасаған. Шоуға қатысу туралы хатты біз былтыр алған болатынбыз. Ойлана келе, Американың құрлығына да Димаш өзінің өнерін танытсам деген оймен шақыруды қабыл алды. Сондықтан, ол жердегі мақсат - қалай болғанда да қазақтың баласы елдің атынан шығып, елінің, өзінің әнін танытса деген ой», - деді Қанат Айтбаев «Qazaqstan» арнасындағы «Түнгі студия» бағдарламасында.

Әншінің әкесі сонымен бірге Михаил Гуциреевтің сөзіне жазылған «Любовь уставших лебедей» әніне түсіріліп жатқан клип туралы сөз қозғады.

«Игорь Крутойға да, бізге де режиссердің ойы ұнады. Испанияның таңдалу себебі - қазіргі уақытта ол жақта 20 градус жылы. Клип Малага қаласында түсірілді. Сол жерде жер бетінен бөлек, тылсым Марсқа ұқсайтын аумақ бар екен. Ауа райы мен табиғаты да ертегіге сәйкес келетіндей дүние болсын деп, сол жерді режиссер арнайы таңдап алыпты», - дейді Қанат Айтбаев.

Әншінің әкесі Испаниядан келгеннен кейін жолай Украинада тағы бір клип түсірілгенін атап өтті. Сонымен қатар, осы клиптердің тұсаукесері қайда өтетіні де айтылды.

«Түсірілген клиптің бәрі де сөреде жатпайды. Қызығушылық танытқан Қазақстанның да, Ресейдің де телеарналарына береміз. Сол секілді клиптер Ютуб арнада да жүктеледі. Амандық болса, клиптің шығатын уақыты жақындаған кезде тизерлерін жариялайтын боламыз», - деді Қанат Айтбаев.

Еске сала кетсек, Американың The World's Вest байқауында Қазақстанның атынан өнер көрсетіп жатқан Димаш Құдайберген мен Данэлия Төлешова жақында тағы да америкалықтарды таңғалдырған болатын. Ал жақында әнші Димаш Құдайберген 8 наурызға тосын сый дайындап жатқанын жария етіп, «Аққуым» әніне жазылған клипінің тизерімен таныстырған еді.