Дүйсенова: Шетелдіктер асырап алған балалар Қазақстан азаматтығынан бас тартқан

0
257

Шетелдіктер асырап алған қазақ балалары кәмелеттік жасқа толғанша қос азаматтыққа құқылы.


Дүйсенова: Шетелдіктер асырап алған балалар Қазақстан азаматтығынан бас тартқан

ERNUR.KZ. Олар кәмелеттік жасқа толғанша ғана қос азаматтыққа құқылы, деп жазады baq.kz.

Шетелдіктер асырап алған қазақ балалары кәмелеттік жасқа толғанша қос азаматтыққа құқылы. Алайда, олардың ешқайсысы 18 жасқа толған соң Қазақстан азаматтығын алу үшін шетел азаматтығынан бас тартқан жоқ, деген премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында.

Қазақстан елшілігі асырап алынған балалармен кездесу барысында Қазақстан азаматтығын алу тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі күні Қазақстан азаматтығын алу үшін шетел азаматтығынан бас тартқан фактілер тіркелген жоқ, - делінген жауапта.

Тамара Дүйсенованың айтуынша, кей жағдайда балалар өз биологиялық ата-аналарын іздеп, елшілікке хабарласады. Сұрау бойынша жауапты уәкілетті органға қарау үшін жіберіледі.

"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекстің 102-бабына сәйкес ата-аналары, туыстары, баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асырған ұйымдардың және (немесе) бала асырап алуды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асырған мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары сондай-ақ бала асырап алу туралы өзгедей түрде хабардар болған басқа да адамдар бала асырап алу құпиясын сақтауға мiндеттi. Кодекске сәйкес, елшілік қызметкерлерінің асырап алушының келісімінсіз бала асырап алу туралы қандай да бір ақпарат беруге немесе құжаттарды ұсынуға құқығы жоқ. Осыған байланысты, биологиялық ата-аналар туралы мәліметтер бала асырап алу құпиясын ашуға бала асырап алушылардың жазбаша келісімі болған жағдайда балаларға беріледі. 2023 жылы сегіз бала осындай ақпарат алды, - деп қосты Дүйсенова.

Вице-премьер Оқу-ағарту министрлігіне Сыртқы істер, Мәдениет және ақпарат министрліктерімен бірлесе отырып, 1991-2012 жылдар аралығында шетелге жіберілген балаларға зерттеу жүргізу тапсырылғанын атап өтті.