ЕАЭО интернеттегі заңдастырылмаған контентке шектеу қоймақшы

0
2 265

​Еуразиялық экономикалық кеңес «Яндекс», «Рамблер» сияқты іздеу жүйелеріндегі контентті бірлесіп бақылауды ұсынып отыр.


ЕАЭО интернеттегі заңдастырылмаған контентке шектеу қоймақшы

ERNUR.KZ. Интернетте зияткерлік меншік құқығын бұзушылармен күрестің еуразиялық механизмі пайда болуы мүмкін. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық кеңес алқасының экономика және қаржылық саясат жөніндегі министрі Тимур Жақсылықов айтты, деп жазады inbusiness.kz.

«Бұл шынымен де маңызды мәселе. Оған Қазақстанның Премьер-министрі Асқар Мамин назар аударған болатын. Келісімдер мен сауда-саттық күн өткен сайын цифрлық қалыпқа еніп келеді. Осыған байланысты интернет саудадағы зияткерлік меншік нысандарында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі өзекті болып отыр. Біз өз тарапымыздан тиісті жұмыс тобын құрып, әлемдік тәжірибеге талдау жасадық. Жалпы бұл проблема барлық елдерде бірдей. Өйткені бұл салада ешкімнің үлкен тәжірибесі жоқ. Бір елдерде нақты бекітілген заңнама бар болса, кейбір елдер заңанаманы енді қалыптастырып жатыр. Біз соның бәрін зерттедік. Еуразиялық экономикалық кеңестің алқасы тиісті Үкіметтерге ұсынымдар берді», - деді ол.

Қарапайым қолданушыға тиімді тілмен айтсақ, зияткерлік меншік құқығын бұзатын жарнама мен фильмдерді, музыка мен түрлі әдебиеттерді, ғылыми мәтіндер мен аналитикалық материалдарды сайттардан кедергісіз көшіру қиындайды. Ондай сілтемелерді іздеу жүйелерінен өшіру үшін, қажет болса, сот шешімін күтпестен әрекет етуге де рұқсат берілмек.

«Біздің ойымызша, зияткерлік меншік құқығын бұзу көрсеткішін азайтуда заңдастырылмаған контенттерді бұғаттау тәсілі негізгі тетік болуы керек. Мұндай шектеу сот тәртібімен де, сотқа дейін де іске асатын болады. Жүйелі жұмыс болуы үшін бұғатталған ресурстардың есебін тұрақты жүрігізіп отыру қажет болады. Бұған қоса заңдастырылмаған контенттердің сілтемесін «Яндекс», «Рамблер» сияқты іздеу жүйелерінен өшіру көзделген. Бұл әлемде бар практика. Біз Еуропа одағының, АҚШ-тың мысалдарын қарадық. Интернет платформалардың меншік иелері мен уәкілетті органдардың арасында өзара түсіністік болғанда ғана бұл мақсатқа қол жеткізе аламыз», - деді Тимур Жақсылықов.