Егіз қыздардың анасы 20 күннен бері табылмай жатыр

0
1 734

Егіз баласы бар келіншек 28-тамызда жұмысқа барғаннан қайтып оралмаған


Егіз қыздардың анасы 20 күннен бері табылмай жатыр

фото:Baq.kz.

ERNUR.KZ. Ақтөбедегі «Алтын бала» балабақшасының тәрбиешісі Айдана Мұхаммеджанова 20 күннен бері табылмай жатыр. Егіз баласы бар келіншек 28-тамызда жұмысқа барғаннан қайтып оралмаған. Ақтөбелік тәртіп сақшылары іздестіруде, деп жазады Baq.kz.

24 жастағы Айдана Мұхаммеджанованы 28-тамызда жұмысына жолдасы апарып тастаған. Содан бері хабар жоқ. Жоғалғанына бір тәулік өткеннен кейін жолдасы Владик Нысанғалиев тәртіп сақшыларына хабарлап, арыз жазған. Сожан бері 20 күн өтті. Айдананы үйінде егіз қызы мен енесі де күтіп отыр.

«Алтын бала» балабақшасында тәрбиеші болып 2018 жылдың сәуірінде қызметке тұрды. 28-тамыз күні күндізгі сағат 14.00-де жұмысына апарып тастадым. Ұрыс-керіс, айқай-шу болмады. Тіпті, «кешке мені алып кетесің ғой» деп айтты. Мен кешке келгенімде жұмысында болмай шықты. Кетіп қалыпты. Содан бері хабар жоқ. Бір тәуліктен кейін полицияға хабарладым. Арыз жаздым. Жұмысынан да сұрастырдым. Білмейтін болып шықты. Айша, Бибі атты егіз қызымыз бар. Анам бар. Бесеуміз ғана тұрамыз. Қайда кетуі мүмкіндігін білмеймін», - дейді Айдана Мұхаммеджанованың жолдасы Владик Нысанғалиев.

Владик Нысанғалиевтің әпкесі Самал Құлтажина да келініне алаңдап отыр. Әлеуметтік желіге Айдананың жоғалғандығын айтып, жариялаған да өзі.

«Әлеуметтік желіге үмітпен жарияладым. Көрдім-білдім деген біреу табылар деп. Полиция қызметкерлері «іске араласа бермеңдер» деп отыр. Бір айға жуық уақыт болды ғой табылмағанына. Адам жоғалып жатыр ғой. Екі қызы 3 жаста. Анасы да Ақтөбеде тұрады. Өзінен кейінгі сіңілісі бар. Айдана Байғанин ауданында туған. Анасы да хабарсыз отыр. Қайда кеткенін де білмей отырмыз. Ініммен отбасын құрғанына 7 жыл болды. Соңғы екі жылда үйде ұрыс шықса, қыздарын алып, кетіп қалып жүрді. Ол кезде анасына баратын. Анасында екендігін біз де білетінбіз. Мына жолы қос қызы үйде. Балаларын тастап кететін жан емес.Дегенмен Айдананың мінезі тұйық. Жан адамға сыр ашпайды»,-дейді қайын әпкесі Самал Құлтажина.

Айдананың тұйықтығын жолдасы да растап отыр. Ішіндегісін жасырып қалады екен. Туыстары балгерлерге барғандарын да жасырмайды. Түрлі болжам бар. Қазір 24 жастағы келіншекті тәртіп сақшылары іздеп жатыр. Ерікті жастар да іздеуге көмектесеміз деп туыстарына хабарласқан.