Екі бала токқа түсіп қайтыс болды: жауаптылар жазаланбаған

0
1 308

Қылмыстық істің мерзімі өтіп кеткендіктен жауаптыларды жазалау мүмкін болмай тұр.


Екі бала токқа түсіп қайтыс болды: жауаптылар жазаланбаған

ERNUR.KZ. Павлодар қаласының жанындағы ауылда спорт алаңында ағайынды балаларды тоқ соғып өлтірген, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Спорт алаңының талапқа сай салынбағаны анықталды. Алайда, футбол алаңқайына жауапты тұлғаларды жазалау мүмкін емес, дейді полицейлер. Бұған себеп, қылмыстық істің мерзімі өтіп кеткен. Марқұмдардың әділдік іздеп әлек болған аналары болса, тергеушілер істі қасақана тоқтатып тастаған деп қынжылып отыр.

Жаңауыл ауылындағы адам өлімі тіркелген бұл спорт алаңын жұмысшылар қазір бұзып жатыр. Бұған себеп те жоқ емес.

"Біз қазір футбол алаңын бұзып жатырмыз. Алаңқайды басқа жерге орнатамыз. Тек сол оқиғаның тіркелгені болмаса, мұнда барлығы талапқа сай еді..." - дейді жұмысшы РУСЛАН КЕНЖЕКЕЕВ.

Светлана Саденова ұлының өліміне кінәлілердің жауапқа тартылуын тоғыз айдан бері тағатсыздана күтіп жүр. Бұл спорт алаңы 2013 жылы салынған. Жұмыстар басталмас бұрын "Спортсервис" коммуналдық мекемесі мен мердігерлік ұйым электржелілері компаниясынан нысанды салуға рұқсат сұрауы керек болған. Себебі, мұндағы жердің астымен жоғары вольтты электр тоғы жүріп жатыр.

"Өткен жылдың қарашасында Бақауовтың қабылдауында болғанда, ол бізге іс қаңтарда сотқа жіберілетінін айтқан еді. Кейін наурызда істің сәуір айына ысырылғанын білдік. Бір ай өткен соң бізді шақырып, істің мерзімі өткендіктен, толық жабылғанын хабарлады" - дейді марқұмның анасы СВЕТЛАНА САДЕНОВА.

Полиция қызметіндегілер мұны қылмыстық істің процессуалдық ерекшеліктерімен байланыстырып отыр. Яғни, мердігер компанияны жазалауға мүмкіндік беретін мерзім өтіп кеткен. Сондықтан, мекеменің құжаттарына сотталғаны туралы белгі ғана қойылады. Ал өзге тұлғаларға қатысты соталды тергеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр екен.

"Шағын футбол алаңын салуға жер телімін берген комиссия мүшелеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сондай - ақ қалалық электржелілері кәсіпорны, "ПРЭК" акционерлік қоғамының жұмысшыларына қатысты 254 бап бойынша тергеу жүріп жатыр" - дейді облыстық полиция департаменті басқармасының аға тергеушісі РИНАТ ИСКАКОВ.

Аталмыш кәсіпорын жұмысшылары Жаңауыл ауылына жүргізген жыл сайынғы тексеруі кезінде спорт алаңының астымен электржелілері жүріп жатқанын байқамаған.

Еске салайық, қайғылы жағдай 2018 жылдың қыркүйегінде тіркелген болатын. 2004 және 2006 жылғы қос ағайынды жасөспірім футбол алаңының төрт метрлік қоршауына мініп, оның бірі жарықшам бағанындағы ашық тұрған сымды денесімен қағып кеткен. Жоғары вольтты электр тоғы соққан жасөспірімдер оқиға орнында тіл тартпай кеткен еді.