Екібастұзда балалар үйінің тәрбиенушілері Павлодарға көшіріледі

0
689

Сонымен қатар, өмірлік қиын жағдайда қалған тұрғындарға арналған орталықтағылар да эвакуацияланатын болады.


Екібастұзда балалар үйінің тәрбиенушілері Павлодарға көшіріледі

ERNUR.KZ. Павлодар облысы Екібастұз қаласында жылу желілерінде болған апат салдарынан әлеуметтік маңызы бар нысандарда ауа температурасы төмендеді, деп жазады sputnik.kz.

Осыған байланысты балалар үйінің тәрбиеленушілері мен перзентханадағыларды эвакуциялау туралы шешім қабылданды. Бұл туралы облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.
Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов әлеуметтік нысандарды аралады.
"Қазір апатты жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда оның салдарын жою біраз уақыт алады. Сондықтан сақтық шараларын жасап, балаларды Павлодарға эвакуациялаймыз. Ол үшін жылы автобус бөлінді, екі сағаттан кейін осында болады", - деді ол.
Сонымен қатар, өмірлік қиын жағдайда қалған тұрғындарға арналған орталықтағылар да эвакуацияланатын болады.
Облыстың бас дәрігері Айдар Сейтказиновтың айтуынша, перзентханада қазір 28 босанушы бар. Бір әйел босану үшін Павлодарға жөнелтілді. Қалған босанушыларды эвакуациялау үшін де көлік даярланып жатыр.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының 36 тәрбиеленушісі Павлодар қаласының №7 мектеп-интернатына ауыстырылды. Сондай-ақ мұнда "Жас өркен "жастар үйі" КММ-нің 11 баласы көшірілді. Облыстық көпсалалы лицейдің тағы 29 оқушысы "Білім инновация" лицейіне ауыстырылды. Барлық балаларды тәрбиешілер ертіп жүреді.
Екібастұзда барлығы 25 мектеп және 21341 оқушы бар. Екібастұз қалалық ауруханасында 300 пациент емделіп жатыр. Шұғыл қайта орналастыру қажет болған жағдайда Павлодар және Ақсу қалаларында 317 төсекке арналған төсек орны дайындалды. 14 адамды Павлодарға санитарлық көлікпен жеткізу жоспарланып жатыр. Оның жетеуі бала. Сонымен қатар психикалық денсаулық орталығынан үш еріп жүрушімен бірге 31 науқасты эвакуациялау жоспарланды.
Екібастұздағы төтенше жағдай демалыс күні министрлікті де аяғынан тік тұрғызды. Қазір жауапты мамандардан жедел штаб құрылып, апатты жою жұмыстары жүріп жатыр.