Екібастұзда үш жасар қыз қайнаған суға күйіп қайтыс болды

0
348

Оның денесінің 40%-ын күйік шалған.


Екібастұзда үш жасар қыз қайнаған суға күйіп қайтыс болды

ERNUR.KZ. Екібастұзда үш жасар қыз қайнаған суға күйіп қайтыс болды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 30 қазан күні түнгі 02:25-те қайнаған судан күйік шалған қыз туралы хабарлама түсті. Дәрігерлер оқиға орнына алты минутта жетті.

"Термиялық күйік шалған үш жасар қыз бала қайтыс болған. Денесінің 40%-ын күйік шалғаны анықталды", – деді басқармада.

Анасының айтуынша, 29 қазан күні сағат 14:00-де тоғыз жасар қызы үш жастағы сіңлісін шомылдырғысы келген. Абайсызда қайнап тұрған суы бар легенді қолынан түсіріп, балаға су шашылған. Күндіз балалар әжесі мен атасының қарауында болған. Ешкім медициналық көмекке жүгінбеген. Анасы бұл жағдай туралы кешкі уақытта біліп, бірден жедел жәрдем шақырған.

Ағымдағы жылдың тоғыз айында 537 бала күйікпен облыстық балалар ауруханасына жүгінген. Дәрігерлер қайнаған сумен күйік алған жағдайда суық ағынды сумен немесе дененің зақымдалған бөлігін суық суға малынған сүлгімен орау арқылы салқындату керектігін ескертеді. Сондай-ақ, тамақ пісіру кезінде балаларды көзден таса қылмауға кеңес береді.