Екібастұздағы көпбалалы отбасылар үшін тұрғын үй сатып алуға 250 млн теңге бөлінеді

0
967

Бұл жұмыс алдағы 3-4 айда жүзеге асырылады.


Екібастұздағы көпбалалы отбасылар үшін тұрғын үй сатып алуға 250 млн теңге бөлінеді

ERNUR.KZ. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Екібастұзға жасаған жұмыс сапары барысында үйлері жоқ көпбалалы отбасылар үшін 30-дан 40-қа дейін пәтер алынатыны туралы мәлімдеді, деп жазады ҚазАқпарат.

Облыс әкімінің Екібастұздағы көпбалалы аналармен кездесуі «Қайнар» білім беру-сауықтыру кешенінде өтті.

Әкімнің айтуынша, бүгінде Павлодар облысында көпбалалы отбасыларға қатысты мәселелерді шешудің кешенді тәсілі бар.

«Қиын жағдайдағы әрбір көпбалалы отбасы біздің назарымызда», - деді өңір басшысы.

«Әр отбасының әлеуметтік паспорты жасалды. Жалпы алғанда, облысымыздағы көпбалалы отбасылардың әлеуметтік қажеттіліктерін шешу үшін 3,8 миллиард теңге бөлінді. Бұл - балабақшаларға бару, азық-түлік, қоғамдық көлікпен жүру билеті, жазғы лагерьлерде демалу және мектепке қажетті заттар сатып алу. Алайда, бастысы - тұрғын үй мәселесі болып табылады. Біз оны бірте-бірте шешеміз»-дейді әкім.

Қазіргі уақытта бюджеттен екінші деңгейлі нарықтан тұрғын үй сатып алуға 250 млн теңге бөлінген. Жалға берілетін тұрғын үй ретінде шамамен 30-40 пәтер көпбалалы отбасыларға беріледі. Бұл жұмыс алдағы 3-4 айда жүзеге асырылады. Бұдан басқа, келесі жылы Екібастұздың ЖТҮҚ шағын ауданында екі пәтерлі баспана салуды бастау жоспарланған. Дегенмен, оған дейін билік бұл шағын ауданға жылу жүйесін салу үшін коммуникация тартуы тиіс.

Сондай-ақ Болат Бақауов облыстың билігі «Самұрық-Қазына» қорының өкілдерімен Солнечный кентіндегі бос тұрған көпқабатты ғимараттарды жергілікті атқарушы органдарға беру туралы келіссөздер жүргізіп жатқандығын айтты. Ол ғимараттар бір кездері 2-МАЭС үшінші энергоблогының болашақ қызметкерлері үшін салынған. Айта кетейік, бүгінгі күні 233 көп балалы ана тұрғын үй кезегінде тұр.