Экология министрі: Сексеуіл ұлттық брендке айналуы қажет

0
2 643

Әлемде сексеуіл өсірудің негізгі аймағы (6,0 млн га) біздің еліміздің аумағында шоғырланған.


Экология министрі: Сексеуіл ұлттық брендке айналуы қажет

ERNUR.KZ. Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ҚР Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз жиынын өткізіп, жылды қортындылады, деп жазады baq.kz.

Министрдің мәліметі бойынша, қазіргі таңда Қазақстандағы орман аумақтарының көлемі 4,7 пайыз, 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 5 пайызға жеткізу деген жоспар бар.
Осы орайда еліміздегі сексеуіл ормандарының сақталуына жеке тоқталғым келеді. Әлемде сексеуіл өсірудің негізгі аймағы (6,0 млн га) біздің еліміздің аумағында шоғырланғанын ескере отырып, біз оны сақтау үшін келесі шараларды қолданып келеміз. Атап айтқанда, ағаш кесудің барлық түрлеріне мораторий 2023 жылға дейін ұзартылды. Ал 2017 жылдан бастап республиканың сауда орындарында сексеуіл сатуға тыйым салынды, - деді Экология министрлігінің басшысы.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта сексеуілге ұлттық бренд мәртебесін беру мәселесі пысықталуда.
Сексеуілдің маңызы өте зор. Оған екі себеп бар. Ол топырақты шөлейттенуден және тұзданудан қорғайды. Әсіресе, Арал маңындағы далалардың мәселесін осы сексеуіл арқылы шешіп келеміз. Көріп тұрғандай, оның экологиялық проблемаларды шешудегі рөлі өлшеусіз. Сондықтан бұл ағаш бойынша біздің ұстанымымыз бөлек және жеке бағдарламамыз да бар. Осы ретте адамдарға, әсіресе, кафе мен мейрамханаларға айтарым, сексеуілді отын ретінде пайдаланып, жақпауларыңызды сұраймын. Өйткені қазір ол ұлттық байлығымыз емес, кәуәп пісіру бизнесінің брэндіне айналып кетті, - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Мемлекеттік орман қоры аумағынан тыс өсетін өсімдіктер әлемі саласындағы құқықтық қатынастарды реттеу мақсатында 2020 жылы "Өсімдіктер әлемі туралы" заң жобасын әзірлеу жоспарлануда.