Екпенің арқасында көптеген аурулар тыйылды - дәрігер иммунолог

0
950

Қазіргі таңда екпемен басқарылатын жұқпалы аурулардың 10-нан астам түрі бар.


Екпенің арқасында көптеген аурулар тыйылды - дәрігер иммунолог

Екпені адамдардың алуын міндеттеу қажет пе, жоқ па? Бұл бүгінгі таңда қоғам арасында қызу пікірталас тудырып отырған мәселелердің бірі. Осы ретте Алматыдағы № 11 емхананың иммунолог дәрігері Қатия Тажиеваның пікірін білгенді жөн көрдік, деп жазады ҚазАқпарат.

25 жыл бойы бала дәрігері және иммунолог болып қызмет етіп келе жатқан Қатия Тажиева қазіргі таңда екпемен басқарылатын жұқпалы аурулардың 10-нан астам түрі барын айтты.

«Соңғы жылдары дифтерия, сал, сіреспе, көкжөтел ауруларынан өлім-жітім жоқтың қасы. Бұл нәтижеге көп жылдар бойы жасалған белсенді вакцинациялаудың арқасында жетіп отырмыз. Балаларда бұрын жиі кездесетін пневмония, вирусты гепатиттің А түрі ауруы да күрт азайды. Қазіргі күні екпеден бас тарту қажет деген пікірлер де айтылып қалып жатыр. Оның негізгі себебі, ата-аналардың дұрыс ақпарат алмағандығынан және аталған жұқпалы ауруларды өмірінде мүлде кездестірмегендігінен деп түсінемін. Біз медицина қызметкерлері тәжірибемізде аурулардың көптеген түрін, соның ішінде сал ауруынан кейінгі парез-параличпен мүгедек болған науқастар, көкжөтел ауруының ауыр формасында құлақ, көз, мұрыннан қан кетулермен қатар ұстамалы жөтелдің 5-6 айға дейін созылуы, қызылша ауруынан энцефалитке, менингитке асқынулар, қызамық (краснуха) жұқпасын жұқтырған жүкті әйелдің көптеген ақаулармен (таңдай мен үстіңгі еріннің бітіспеуі, жүректің туа біткен ақауы) сәбиді дүниеге әкелуі сияқты жағдайлар өте көп кездестірдік. Мұндай мысалды мыңдап келтіруге болады», - деді маман.

Дәрігер екпенің кері әсерлері де болатынын, алайда ол науқастың денсаулығын дұрыс бағалай білмегеннен болатынан айтады.

«Шынымен де вакцинациядан кейін кездесетін жағымсыз әсерлерді жоққа шығармаймыз. Екпеге келген баланың денсаулығын дәрігер жиынтықты дұрыс бағалап егілетін болса жағымсыз әсерлер болмайды. Бірақ кез келген ауруды екпемен байланыстыру дұрыс емес. ДЦП, аутизм, миға қан құйылу сияқты аурулар құрсақішілік инфекцияның салдарынан, жүктілік кезіндегі сыртқы, ішкі факторлардан дамуы әбден мумкін. Сондықтан мен педиатр, иммунолог, көпбалалы ана ретінде екпе егудің бала денсаулығы үшін өте маңызды екенін айтқым келеді! Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік», - деді №11 қалалық емхананың иммунолог дәрігері Тәжиева Қатия.