ERNUR.KZ. Еліміздің шенеуніктері пандемияға қарамастан, жаңажылдық дайындықты бастап кетіпті. Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәліметтерге сенсек, бірқатар әкімдік пен мектеп ұжымы шырша мен өзге де безендіру жұмыстарына әлден тапсырыс беріп қойған. Және бұл мақсатта миллиондап ақша бөліпті. Күллі әлем пандемияның екінші толқынына дайындалуда, ал біздікілер болса, бюджет қаржысын бей берекет шашудан босамай жатыр, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.
Вирустың екінші толқыны деп, дүйім жұрт дүрбелеңде жүргенде біздің кей шенеуніктер...
Жаңа жылдың дайындығымен дамыл таппай жүр. Мысалы Қарағандыдағы №23-ші мектеп мұндай әзірлікті маусым-шілде айларында бастаған. Ал бұл уақытта біздің ел өлім-жітімнен енді-енді ес жиып жатқан еді. Мемлекеттік сатып алу сайтындағы шыршаға берілген тапсырыс бұл сөзімізге айғақ бола алады. Бірақ, мектеп директоры бұл турасында бүй дейді.
"Шыршаны сатып алу Жаңа жылға дайындық бастады деген сөз емес, ол болашаққа жоспарланған жұмыс. Екіншіден, шыршаны мемлекеттік сатып алудың баға ұсынуы бойынша өткізілді. Алғашқы берілген баға 714 мың теңге. Конкурсқа 5 жабдықтаушы қатысты. Соның ішінде ең төменгі баға берген 446 555 теңге", - дейді №23-ші мектептің директоры Нұркен ашықбаев.
Балқаш қаласының әкімдігіне қарасты Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы жөніндегі бөлім де қысқа дайындықты әлдеқашан бастап кеткен. Қаланы эстетикалық безендіруге бақандай 13 миллион теңгесін шытырлатып санап беруге дайын. Талдықорған қаласының әкімдігі де шаһар орталығын одан сайын әсемдеу үшін 10 миллион теңге бөлгелі отыр. Сондай-ақ қар түспей жатып, қысқа қамданғандардың бірі - Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр ауданы. Ғимараттарды безендіруге бөлінген 17 миллион соманы әкімдіктегілер былайша ақтауға тырысты.
"Сейфуллинаның бойында бұрынғы базар болған жерде 5 үй салынды ғой. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға берілді. Ешқандай Жаңа жылдың дайындығы емес. Жаңа жылға түк қатысы жоқ. Былтыр бөлінген ақша. Үй салынып жатқанда сондай безендіруге қосымша ақша бөлінеді. Қызыл жасыл әртүрлі светтері бар. Ондай көріп жүрсіздер ғой, қалада бүкіл жерде бар", - дейді Ішкі саясат, әлеуметтік сала, кәсіпкерлік және мемлекеттік қызметтер жөніндегі Нұр-сұлтан қаласы «Байқоңыр» ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Жаулыбаев.
Жоғарыда аталған қомақты сомалардың қандай мақсатта бөлініп жатқаны маңызды емес. Тек мұндай күрделі кезеңде аста-төк ысырапшылдықты ысыра тұрған жөн емес пе дейді қоғам белсендісі Оралбек.
"Пандемия жағдайында қазір екінші толқын келеді деп жатыр ғой. Сондықтан да бюджет ақшасын оңды-солды шаша берудің қажеті жоқ деп есептеймін. Бюджет ол халықтың ақшасы. Мемлекет басшысының өзі де айтты ғой, той-жиынды барлығын тоқтатуымыз керек деп. Қазір бүкіл әлем бойынша қиын жағдайда тұрмыз", - дейді қоғам белсендісі Оралбек Өтеғұлов.
Осы орайда бас дәрігер желтоқсан айында локдаун енгізуді болжап отыр. Маска режимі бұзылса, бұл уақытта жоқ дегенде 65 мың адам ауруханаға жатқызылады екен.
«Ең жаман сценарий бойынша, егер тек 60 пайыздық маска режимі қамтамасыз етілсе, 2020 жылдың қазан-желтоқсан айларында тіркелген жағдайлардың саны шамамен 190 мың адамға жетеді. 65 мың адам ауруханаға жатқызылады. Локдаун енгізу желтоқсанның ортасына жоспарланған. Екінші шынайы сценарий бойынша, әлеуметтік қашықтық пен 70 пайыздық маска режимін сақталса, 2020 жылдың қазан-желтоқсан айларында болжамды жағдайлардың саны 90 мың адам болады, - деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Айтпақшы, эпидемия басталғалы өңірлер дәрі-дәрмек сатып алу үшін бюджеттен 16 млрд теңгеден астам қаражат сұрапты. Бірақ, Мемлекеттік сатып алулар сайтындағы миллиондаған сомаларға қарап, аймақтардың ақшадан қысылып отырғанына амалсыз күдікпен қарайсың.