Елена Рыбакина қазақстандық жас теннисшілерге 2,5 млн теңгеден қаржы бөлді

0
227

Спортшы Қазақстандағы жастарды қолдауға қатысты берген уәдесін орындады.


Елена Рыбакина қазақстандық жас теннисшілерге 2,5 млн теңгеден қаржы бөлді

ERNUR.KZ. Елена Рыбакина Қазақстанның болашағынан үміт күттіретін теннисшілеріне қаржыдай қолдау көрсетті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

2022 жылғы Уимблдон турниріндегі жеңісінен кейін теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы сыйақы қаржысының бір бөлігін қайырымдылыққа және Қазақстандағы жастарды қолдауға жұмсайтынына уәде берген еді.

Қазақстанның теннис федерациясының баспасөз қызметі хабарлағандай, таяуда Елена Рыбакина Астанада қаңғыбас жануарларды құтқарумен айналысатын «СтопОтлов» еріктілер қозғалысына қаржы аударған.

«Ал жуырда Қазақстанның бірінші ракеткасы жас қазақстандық теннисшілердің болашақта өзі сияқты топ-ойыншы болуы үшін қарқынды дамуына қаржы бөлді. Рыбакина кімге қолдау көрсету керектігін өзі таңдады. 14 ойыншы 2,5 млн теңгеден алды. Олар: Линара Бөлешева, Полина Барабанова, Әмина Нұрмахан, Ариана Гогулина, Сәтима Төреген, Ева Корышева, Альбина Кәкенова, Аружан Арыстанбекова, Дана Байдәулет, Іңкәр Дүйсебай, Айя Нұпбай, Полина Слепцова, Сандуғаш Кенжебаева, Зара Дәркен», - делінген ҚТФ хабарламасында.

Қазақстандық және халықаралық ареналарда жеңіске жете бастаған қыздардың әрқайсы теннистегі тарихын айтып, Еленаға хат жазған. Бастапқыда Еленадан бөлінген қаржы аздау болғанымен, кейін Уимблдон жеңімпазы грант саны мен көлемін көбейтті.

«Турнир ұйымдастыру немесе жас ойыншылар үшін грант белгілеу дұрыс бола ма деп ойлаймын, өйткені өзім де кезінде Қазақстаннан үлкен қолдау алдым. Енді жас ұрпақтың дамуына менің көмек көрсететін кезегім келді», - деп уәде беріп еді Рыбакина Уимблдондағы жеңісінен кейін.

Енді сол уәдесін орындады.

Еске салсақ, қазақстандық теннисші жақында ғана Индиан Уэллсте (АҚШ) өткен турнирде жеңіске жеткеннен кейін WTA рейтингінде 7-ші орынға көтеріліп, әлемдік рейтинге өз рекордын жаңартты. Спортшыны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.