"Елімізде 15 мыңға жуық қасқыр қалды": эко-белсенді Ұлытаудағы Көкбөрі ескерткіші туралы

0
1 514

Еңселі ескерткіштің биіктігі – 9,70 метр, оның ішінде мүсіннің биіктігі – 6 метр.


ERNUR.KZ. Ұлытауда демеушілердің қолдауымен бүкіл түркі жұртының киесі саналатын Көкбөрі ескерткіші бой көтерді. Ол Ұлытаудан 35 шақырым жерде – Жезқазғанға апаратын жол бойындағы жолаушылар тыныстайтын «Күмісбұлақ» демалыс орны аумағында орнатылды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Еңселі ескерткіштің биіктігі – 9,70 метр, оның ішінде мүсіннің биіктігі – 6 метр, ал тұғыры - 3,70 метр. Нысан идеясының авторы әрі мүсіншісі – Еуразия Дизайнерлер одағының мүшесі Амантай Меңдіғалиев.

Тек мүсіннің салмағы 2 тонна болса, тұғырымен қоса есептегендегі салмағы – 5 тонна шамасында. Ішкі құрылымы темірден әзірленіп, жалпы бітімі 60 градус аяз бен ыстыққа дес бермейтін пластик материалдан құйылып жасалған. Іргетасы өте мығым – 3/3 метр аумақта 2 метр тереңдіктен бастап сапалы бетонмен құйылған.

Еліміздегі экологиялық, жануарлар дүниесіндегі өзекті проблемаларды көтеріп жүрген белсенділердің бірі Сәкен Ділдахмет Ұлытаудағы түз тағысына қойылған ескерткішке қатысты пікір білдірді.

«Ескерткіштің дизайнына емес, осы қасқырдың бар-жоғына көңіл бөлген дұрыс. Соңғы бес жылда осы аймақта қасқырдың саны күрт азайып кетті. Басты себеп - аңшылар мен аңшы еместердің бұл жыртқыш аңды жаппай атуы. Қазір билік біткен шенеунік пен қалтасы толған кәсіпкердің көбісі аңшы болып кетті. Аңшылықтың этикасын сақтамайды. Олардың қатарында танымал кісілер де бар. Әсіресе, тікұшақпен аңшылыққа шығатын ағаларымыз! Қарда жүргіш көліктерге мініп алып, қасқырды өлгенше қуалайды. Одан қалса, сол көлігімен үстінен басып таптап жатады», - деп жазды ол.

Эко-белсендінің айтуынша, 2017 жылдан бері Қарағанды облысының далалы аймағында қасқырды атуға тыйым салынды. Әлгі атқыштардың арқасында табиғат санитары азаюда.

«Бүгінде Ұлытауда атқыштар көп. Осы ескерткіш қалай болса да, солардың санасына жетеді деп сенейік. Көкбөрінің ұрпағымыз деп мақтанатындар елімізде қасқырдың 15 мыңдайы ғана қалғанын біле ме екен?!», - деп түйіндеді ол сөзін.