Елімізде 25 мультфильм түсіріліп жатыр

0
1 056

Ералы Тоғжанов мемлекет тарапынан анимациялық жобаларды қаржыландыру көлемі жылдан жылға артып отырғанын айтты.


Елімізде 25 мультфильм түсіріліп жатыр

ERNUR.KZ. Биыл 25 анимациялық жоба өндіріске енгізілді. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылған, деп жазады ҚазАқпарат.


«Елімізде 2010 жылдан бері мемлекеттік бюджет есебінен 130-дан астам анимациялық жобалар іске асырылды. Оның ішінде Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 50-ден астам мультфильм, «Balapan» телеарнасының тапсырысымен 80 анимациялық жоба жасалды. Мемлекет тарапынан анимациялық жобаларды қаржыландыру көлемі жылдан жылға артып отыр. Мәдениет және спорт министрлігі арқылы 2018 және 56 млн теңге, 2019 жылы 105 млн теңге бөлінсе, 2020 жылы бұл көрсеткіш 1 млрд теңгеден асты. «Балапан» телеарнасы 2020-2021 жылдары балаларға арналған отандық контентті өндіруге 2 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырған», - деді ол.


Сонымен бірге, вице-премьердің айтуынша, анимациялық фильмдердің мазмұны мен сапасын арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде. 2019 жылы қабылданған «Кинематография туралы» Заңға сай ұлттық фильмдерді, соның ішінде анимациялық өнімдерді іріктеуге жауапты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылды. Аталған Заңға сәйкес мемлекеттік тапсырысқа үміткер жобалар орталық жанындағы сараптамалық кеңесте, содан кейін ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржылық қолдау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиямен қаралады. Сараптамалық кеңес пен ведомствоаралық комиссия киножобалардың көркемдік идеясымен қатар, олардың тәрбиелік мәнін бағалайды. Сараптамалық кеңестің құрамына елімізге беделді аниматорлар кіреді.


«Сонымен қатар, 2019 жылдың соңында «Balapan» телеарнасы арқылы жасалатын анимациялық жобаларды іріктеудің жаңа қағидалары әзірленді. Оған сәйкес туындылар екі кезеңде арнайы көркемдік кеңестің іріктеуінен өтеді. Іріктеу барысында мультфильмдердің идеясы, сценарийі, техникалық орындалуы және шығармашылық топтың портфолиосы бағаланады. Бұл жұмыстарға психолог, педагог, әлеуметтанушы, тіл мамандары және балалар жазушылары қатысады. Жаңа қағидаларға сәйкес биылғы жылы оқу-танымдық, шытырман оқиғалы, ойын-сауықтық жанрда 25 анимациялық жоба өндіріске енгізілді. Сондай-ақ, анимацияның дамуына жаңа серпін беру мақсатында телеарнаның эфир желісінде мультфильмдер үлесі 60 пайыздан 80 пайызға дейін көбейтілді», - деді Ералы Тоғжанов.