Елімізде "Аңсаған сәби" бағдарламасына 7 мың квота бөлінген

0
639

Бүгінде ел бойынша жалпы 26 ЭКО орталық бар.


Елімізде

ERNUR.KZ. Елдегі демографиялық ахуалды жақсару мақсатында "Аңсаған сәби" бағдарламасы іске асты. Соның аясында биыл ЭКО әдісімен ұрықтандыруға 7 мың квота беріледі, деп жазады Stan.kz.

Сәби сүю бақытынан үміті үзіле бастаған ақтөбелік Сәуле Мырзақаева мемлекеттік жеңілдікті естіп, өтініш беріп көрген. Жақында құрсағына нәресте бітіпті.

“Бұл сәтті мен ұзақ күттім. Барлығы ойдағыдай болды. ЭКО-ның өзіміздің қалада жасалғаны да мен үшін өте маңызды. Себебі республикалық орталықтарға барсақ жол шығыны мен баспана жайы да қиынға түсер еді. Қазір жүктіліктің 3-і айы. Қуанышымда шек жоқ”, – дейді қала тұрғыны Сәуле Мырзакаева.

Биыл ел бойынша бөлінген 7 мың квотаның 532-сі Қарағанды облысына тиесілі. Қазірдің өзінде тең жартысына жуығы, яғни 207 отбасы өтініш берген. Тағы 22 келіншектің көптен күткен арманы орындалып, құрсағында сәбидің жүрегі дүрсілдей бастаған. Олардың ем-шаралары аяқталып, жергілікті емханада есепте тұр.

“Қазір көптеген отбасы ЭКО арқылы нәресте сүюдің болатынына, оның еш әбестігі жоқ екеніне көз жеткізді. Нәтижесінде келіп, өтініш беретіндердің саны артты. Бұрын пробиркадан салынған бала "өзгеше" болады екен деген сыңайдағы күмәндар болса, қазір көпшілік ғылымға сене бастады. 10-15 жыл бойы бала сүйе алмағандар қазір "ана" болу мүмкіндігі бар екенін сезінді”, – дейді акушер-гинеколог, "Аңсаған сәби" бағдарламасының облыстағы үйлестірушісі Татьяна Слободчикова.

Ал Ақмола облысында жыл басында бөлінген 283 квотаның қазірдің өзінде жартысына жуығы таратылған. Мемлекеттік көмекті алған жұптың көбі қазір елордадағы емдеу орталықтарында қаралып жатыр. Жалпы, аймақта 700-ден астам отбасы жасанды ұрықтандыруға квота алу үшін кезекте тұр. Аталған бағдарлама шықпас бұрын өңірде тек жылына 30-40 адамға ғана тегін емделуге мүмкіндік берілетін.

“130-дан астам әйелдеріміз, ер адамдарымыз, жұптарымыз дейік, олар эко-орталықтарына жіберілді квотамен. Бүгінде 91 жұбымыз осы көмекті алып, экстрокорпоралды ұрықтандыру жүргізілді. Келіп жатқандар бар. Өте көп. Бұрын жекеменшік клиникаларда қаралған адамдар қазір келіп, квота алуға мына жерде есепке тұрып жатыр”, – дейді қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Жұлдыз Әлпілам.

Жалпы ел бойынша бүгінде 26 ЭКО орталық бар. Әр бірі мемлекеттік бағдарламаны сәтті жүзеге асыруға атсалысып жатыр. Бөлінген квоталардың 60% ауыл тұрғындарына бағытталған. Ол үшін үміткердің жасы 18 бен 42 жас аралығында болуы тиіс. Және соматикалық аурулардың болмауы маңызды.